Манипуляция: «Лимон АИТВ және COVID-19 тесттері бойынша оң нәтиже береді»
Қазнетте лимонның АИТВ және COVID-19-ға экспресс-тестте оң нәтиже беретіндігі туралы миф тағы да тарады. Неге бұлай болады және неге мұндай талдаулардың нәтижелеріне сенуге болмайтынын түсіндіріп өтейік.
АИТВ, COVID-19 және басқа ауруларды анықтауға арналған жедел тесттер белгілі бір биологиялық материалмен: сілекей, қан, зәр және т.б. дұрыс жұмыс істей алатындай етіп жасалған. Басқа заттарды пайдаланған кезде тест нәтижесі дұрыс шықпайды. Бұл туралы экспресс-тесті қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда айтылған.
Бұл туралы мамандар да айтты. Мысалы, Грайфсвальд университеті клиникасындағы Медициналық микробиология институтының директоры Карстен Беккер Corrective порталының тілшісіне берген сұхбатында мұндай сынақтардың нәтижелері өзара әрекеттескен материалдар негізінде бағалануы керек екенін түсіндірді. Яғни, егер тест сілекеймен жұмыс істеуге арналмаған болса және оған сілекей тамызса, онда оның нәтижесі сенімді болмайды.
Жүктілікті анықтауға арналған тест жолақтары мен лимон шырынының өзара әрекеттесуі бұған жарқын мысал бола алады. Цитрус шырындарының құрамында қышқыл көп мөлшерде болатындықтан, олар тестте әрдайым оң нәтиже көрсететіндей әсер етеді.
COVID-19 анықтауға арналған жедел тесттермен де осылай болады. Лимон шырынының жоғары концентрациясына байланысты олар оң нәтиже көрсетеді, өйткені дұрыс жұмыс істемейді. Өткен жылдың шілде айында бұл әдісті британдық мектеп оқушылары мен студенттер де қолданған – олар тестке лимон шырынын тамызып, оң нәтиже шығарып, сабаққа қатыспаудың амалын тапқан.
Демек, лимон шырынын COVID-19 және АИТВ-ға жедел тест жасағанда оң нәтиже шығатыны бұл сынақтардың сенімсіз екенін білдірмейді. Бұл осындай тест жүйелері сілекей мен қаннан басқа жеміс, көкөніс, жидек және басқа да сұйықтықтардың шырынымен жұмыс істеуге арналмағанының белгісі.