Манипуляция: «БҰҰ сайтында аш жүргеннің пайдасы туралы мақала жарияланды, бірақ кейіннен алынып тасталды»
Telegram арналарында осы жылдың 5 шілдесінде БҰҰ-ның сайтында аш жүрген пайдалы, өйткені «аш адамдар – өнімді адамдар» деп жазылған мақала жарияланғаны туралы хабарланды. Таратылған хабарламаға сәйкес, келесі күні, 6 шілдеде бұл мәтін ұйымның сайтынан алынып тасталған. Бұл жағдайды талдап, бұл БҰҰ-ның адамдарды аштықтың жақсы екендігіне сендіру әрекеті емес екенін түсіндіріп өтейік.
Гавайи университетінің зейнетке шыққан саяси ғылымдар профессоры Джордж Кенттің аштықтың пайдасы туралы мақаласы ONN UN Chronicle журналында жарияланған. Алайда, биыл 5 шілдеде емес, 14 жыл бұрын. Мақала журналдың қағаз нұсқасында басылып шықты. Жарияланымның цифрландырылған мұрағаттық нұсқасы Желіде әлі де бар.
Ол кезде жұртшылық мақалаға аса назар аудармады, өйткені оның сатира екені белгілі болды. Шын мәнінде, профессор Кент аштықпен күресіп, мансабын оны жою әдістерін зерттеуге арнаған.
Осы жылдың шілде айының басында Желі қолданушылары Кенттің аштықтың «пайдасы» туралы ескі мақаласын тауып алған. Жұртшылық оны шын деп қабылдап, нәтижесінде UN Chronicle журналының ресми өкілдері Twitter-дегі аккаунтта бұл сатиралық мақала екенін түсіндіруге мәжбүр болды, ал сайттан оны өшіріп тастады. Олар постта мақаланы әзіл деп қабылдау керек екені туралы жазды.
Демек, Желіде тараған хабарламалар манипуляция болып табылады. Хабарлама авторлары бұған дейін адамдар оған мән бермегендіктен, мақаланың сатиралық екенін және 14 жыл бұрын жарияланғанын айтпастан, оқиғаның бір бөлігін контекстен үзіп алған.