Fake News

Қазақстанда жалған ақпарат тарату бойынша 100-ден астам қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанда ТЖ режимі басталғалы бері Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 100-ден аса қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stopfake.kz редакциясына ҚР Ішкі істер министрлігінен хабарлады.

Ведомство әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат таратқаны үшін айыптылар шартты түрде сотталған жағдайлардан мысалдар келтірді. 17 наурызда Қызылордада қалалық туберкулез ауруханасының санитары WhatsApp арқылы стационарда COVID жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға орындар дайындалып жатқандығы туралы хабарлама таратқан. Сонымен қатар, ол Қытайдың 30 азаматы коронавирустан емделіп жатқандығын жазған. Полиция бұл хабарламаны көрінеу жалған деп тапты.

19 наурызда Қызылорда облысының тағы бір тұрғыны Вконтакте желісіндегі танымал пабликтердің бірінде Жаңақорған ауданында COVID-19 жұқтырған 3 адам тіркелгенін жазған. Сол кезде бұл ақпарат оқырмандарды сендіріп, үрейлендірді.

Жалған хабарлама таратудың тағы бір дерегі Жезқазғанда тіркелген. 27 наурызда «Жедел жәрдем» станциясының фельдшері WhatsApp арқылы қалада коронавирустық инфекция жұқтырған 3 адамның анықталғандығы туралы хабарлама таратқан. Науқастардың бірі ресейлік болса, екеуі – елордалықтар болған.

Аталған деректер бойынша полиция қызметкерлері фейк таратушыларды анықтап, жалған ақпаратты жоққа шығарды. Істер сотқа жіберіліп, жаза тағайындалды. Айыптылардың бәрі 3,5 жылға шартты түрде сотталды.
 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button