Фейк: «Джон Рокфеллер өзінің депопуляция бағдарламасын 1969 жылы жариялаған»
Қазнетте The New York Times газетінде 1969 жылы Джон Рокфеллер әзірлеген депопуляция бағдарламасы жарық көргені туралы хабар тарады. Онда тууды нөлге дейін төмендету үшін тамақ пен суға бедеулік тудыратын заттар қосады деп жазылған. Бұл жалған.
Бұл мақаланың түпнұсқасын The New York Times-тың цифрлық мұрағатынан табуға болады. Оның тақырыбында былай делінген: «Тамақтағы зарарсыздандыратын дәрі-дәрмек. Биологтар халықтың өсуін тежеу қажеттілігін баса айтады». Мәтінде тамаққа немесе суға фертильділікке әсер ететін белгілі бір препараттар қосылатындығы туралы айтылмайды.
Жазылғанды дұрыс түсіну үшін 1960-1980 жылдар аралығында өткен дәуірлермен салыстырғанда Жер халқының санының өсуі қарқынды болып, әлемдік көшбасшылар мен қарапайым тұрғындардың алаңдаушылық тудырғанын атап өткен жөн. Жекелеген тұлғалар тамақ пен суға бедеулік тудыратын заттарды қосу туралы айтқаны рас, бірақ ғалымдар да, саясаткерлер де мұндай әрекеттер адамгершілікке жат және этикалық емес деп мәлімдеді. Мұндай шаралардың қолданылғанына ешқандай дәлел жоқ.
Керісінше, әлем халқының тұрақты өсуі суға қауіпті химиялық заттардың қосылмағанын дәлелдейді. Мәселен, 1960 жылдан бастап планетада адамдар саны үш миллиардтан 7,9-ға дейін 2,5 еседен астам өсті.
1969 жылы барлық саясаткерлер мен ғалымдар халықтың өсуін тежеу туралы сөз қозғады. Бірақ адамгершілікке қарсы шаралар ұсынған жоқ. Атап айтқанда, сол кезде АҚШ президенті болған Ричард Никсон контрацепция мәселелерін мұқият зерделеуді және оның қауіпсіз және тиімді әдістерін әзірлеуді, сондай-ақ отбасын жоспарлау бойынша ағарту жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Джон Рокфеллерге келетін болсақ, оның 1969 жылы Жер халқын депопуляциялау жобасын жасағанына ешқандай дәлел жоқ. Желіде Рокфеллер қорының 1969 жылғы қызметі туралы егжей-тегжейлі есеп бар. Онда депопуляция, зарарсыздандыратын заттар әзірлеу немесе оларды тағамға қосу туралы ештеңе жазылмаған.
Сондай-ақ, бедеулікке әкелетін химикаттармен уланған тағам тақырыбы қастандық теориясын жақтаушылар арасында кеңінен танымал екенін атап өткен жөн. Былтыр Желінің ағылшын тілді сегментінде дүрбелең орын алды, оған тамақ қара нәсілді адамдар ұрпақты бола алмайтындай етіп модификацияланатыны деген видеоролик себеп болды. Бір қызығы, роликте қазіргі кезде таратылып отырған The New York Times мақаласының тақырыбы да келтірілген. PolitiFact порталының фактчекерлері тағамды белгілі бір нәсілді немесе этникалық топты ғана бедеулікке әкелетіндей етіп модификациялау мүмкіндігін де, The New York Times мақаласында адамдарды тамақ арқылы жасырын стерилизациялау туралы айтылғанын да жоққа шығарды.
Қорыта айтқанда, біріншіден, Жер популяциясының өсу статистикасы тағамға зарарсыздандыратын заттар қосады деген пайымдарды жоққа шығарады. Екіншіден, Джон Рокфеллердің Жерді депопуляциялау бағдарламасын әзірлегеніне ешқандай дәлел жоқ. Үшіншіден, The New York Times газетінің таралған мақаласында тағамға белгілі бір қауіпті химикаттар қосады деп жазылмаған.