Қарағанды медицина университетінің оқытушысының атынан вакциналардың зияны туралы жалған хабарлама таралуда
Қазнетте қарағандылық жоғары санатты дәрігер және кафедра меңгерушісі жазған аудиожазба таратылуда. Онда «Спутник-V» вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі биылғы жылдың мамыр айында ғана басталғаны, яғни әлі аяқталмағаны туралы айтылған. Сондай-ақ, хабарлама авторы вакциналар бедеулікке әкеледі және денсаулыққа қауіпті деп мәлімдейді. Бұл жалған.
Қарағандыда бір ғана медицина университеті бар. Тиісінше, кафедра меңгерушілері жоғары санатты дәрігерлер сонда ғана жұмыс істейді. Алайда, Қарағанды медицина университетінің баспасөз қызметі қызметкерлердің ешқайсысы мұндай мәлімдеме жасамағанын хабарлады.
– Қолданушылардың бірі аудиожазбаны кафедра меңгерушісі жазған деп айтқан. Бірақ ол біздің университеттен емес, – деп хабарлады ҚМУ баспасөз қызметі.
Хабарламаның мәтінінде де жалған мәлімдемелер бар.
Біріншіден, «Спутник-V» вакцинасын клиникалық сынаудың үшінші кезеңі автор айтқандай 2021 жылдың мамыр айында емес, өткен жылдың 7 қыркүйегінде басталған.
Оның қорытындылары 2021 жылғы 2 ақпанда жарияланып, бүгінде баршаға қолжетімді. Олар вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдейді.
Екіншіден, COVID-19 қарсы вакциналар, атап айтқанда «Спутник-V», бала туу қабілетіне әсер етеді деп айтуға негіз жоқ. Вакцинация бедеулікке әкелуі мүмкін деген қауесетті препаратты әзірлеушілердің өздері де, Қазақстан, Ресей және басқа елдердің жетекші мамандары да жоққа шығарды.
Олардың барлығы мұндай қорқынышқа негіз жоқ және вакциналар құрамында адамның репродуктивті жүйесіне әсер ететін компоненттер жоқ деп мәлімдеді.