Fake News

Фейк: «Болашақта вакциналарды клиникалық сынақтарсыз да мақұлдайтын болады»

Telegram мессенджерінде қазақстандықтар АҚШ-тың Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) болашақта ірі фармацевтикалық компанияларға клиникалық сынақтардан өткізбей-ақ барлық вакциналарға рұқсат беруге ниетті деп жазды. Бұл өтірік.


Бұл жаңалықтың дереккөзі – вакцинацияға қарсы тұлға Тоби Роджерс. Ол бұған дейін COVID-19 қарсы вакциналар балалар үшін қауіпті деген алаңдатарлық әрі негізсіз мәлімдемелер жасаған болатын. Оның сөздерін Health Feedback порталының мамандары жоққа шығарды.
Роджерс айтып отырған өндірушілерге сынақтан өтпеген вакциналарды нарыққа шығаруға рұқсат беру туралы шешім қабылданатын FDA отырыстарында іс жүзінде мұндай мәселелер талқыланбайды.
Өткен және алдағы отырыстардың барлық материалдары FDA ресми сайтында баршаға қол жетімді. Оларға сәйкес 4 маусымда өткен отырыста және алдағы өтетін отырыста омикрон, дельта және т.б. SARS-CoV-2 коронавиурсының нақты нұсқаларына қарсы әрекет ететін мамандандырылған үдеткіш вакциналарды жасау қаншалықты ұтымды болатындығы сөз болады.

Осы жылдың ақпан айында FDA мұндай вакциналар жасалса, оларды ауқымды клиникалық сынақтардан өткізудің қажеті жоқ деп мәлімдеді. Алайда, бұл препараттар ешқандай тексеруден өтпейді дегенді білдірмейді. Мамандандырылған вакциналардың құрамы сынақтан өткен және сәтті қолданылған вакциналардың құрамымен бірдей болатындығын және тек белсенді компоненттің өзі ғана өзгеретінін түсінуіміз керек. мРНҚ вакциналарына келсек, бұл коронавирустың нақты нұсқасының мРНҚ-сы болады. Жыл сайынғы тұмауға қарсы вакциналар да дәл осындай қағида бойынша жасалады. Әр жылдары штамдар әртүрлі болатындықтан, фармацевтикалық компаниялар қазір қолданылып жүргендердің негізінде мамандандырылған вакциналар жасайды. Мұндай препараттар сынақтан өтеді, бірақ олар жаңа, әлі белгісіз екпелер сияқты ауқымды болмайды.
Осындай ережелер SARS-CoV-2 коронавирус нұсқаларына қарсы мамандандырылған вакциналарға да қатысты қолданылады. Олар пайдалануға жіберуге мақұлдауды алу үшін сынақтан өтуі керек, бірақ оған қатысушылар саны аз болады және аз уақытқа созылады. 
Бүгінгі таңда бірнеше компания нұсқаларға қарсы нақты вакциналар әзірледі. БАҚ-та олардың барлығы сынақтан өтіп жатқандығы туралы хабарланды. 
Демек, болашақта вакциналарды клиникалық сынақтарсыз қолдануға рұқсат етіледі деген ақпарат – фейк. Біріншіден, бұл барлық вакциналарға емес, тек вирустың нақты нұсқаларына қарсы тиімді күшейтетін екпелерге ғана қатысты. Екіншіден, клиникалық сынақтарды тоқтату туралы емес, әңгіме зерттеу ауқымы мен ұзақтығы жағынан аз жүргізуге рұқсат етілетіні жайлы айтылды, өйткені вакциналардың құрамы өзгеріссіз қалады. Үшіншіден, бұл жаңа тәжірибе емес: осы сияқты схема бойынша жыл сайынғы тұмауға қарсы вакциналар жасалып, тексеріледі.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button