Фейк: «5G жиіліктері барлық органға енеді және өсімдіктерді өлтіреді»
Қазақстандықтар бөліскен бейнероликтің авторы алыста тұрған ұялы байланыс бағанасын және оған қарама-қарсы тұрған қураған ағашты көрсетеді. Оның пікірінше, өсімдік 5G сигналдарының әсерінен қураған, ал видео астында бұл сигналдар адам денесінің барлық органдарына енеді деп жазылған. Мұның барлығы өтірік.
Бұл видео назар аударарлық бір жайт – көрсетілген бағананың 5G сигналдарын қабылдап-тарататын қондырғымен жабдықталғаны белгісіз. Ұялы байланыс бағанасын 4G және 5G сигналдары үшін жабдықталған бағанадан алыстан және сырттай ажырату мүмкін емес. Яғни, көрсетілген конструкцияның жаңа буындағы байланысқа ешқандай қатысы болмауы ықтимал.
Видеодағы екінші маңызды нәрсе – кадрда жасыл және сау ағаштартар көп көрсетілген, олардың біреуі ғана қураған. Яғни, ауру өсімдіктің жанында тұрған ағаштар да ұялы байланыс бағанасының аумағында тұр, бірақ олар солып қалмаған және радиожиілік оларға әсер етпеген. Бұл видео авторының 5G бағаналарының жанындағы өсімдіктер өледі деген теориясына күмән келтіреді.
5G технологиясы «мүлдем басқа радиациялық диапазонда» жұмыс істейді деген теорияға келетін болсақ, ол ғылымға қарсы және шындыққа жанаспайды. 5G желілері бұрыннан бар және әртүрлі салаларда пайдаланылатын жиіліктерді қолданады. Бұл технологияда жоғары, орташа және төмен бірнеше диапазон бірге болады.
Төмен жиілікті 5G сигналдары 600-850 МГц диапазонын пайдаланады. Бұл қолданыстағы 4G желілері қолданатын бірдей диапазон. Орташа жиіліктегі сигналдар 2.5–3.7 ГГц диапазонында жұмыс істейді. Бұл жиілік Wi-Fi технологиясында да қолданылады.
Жоғары жиілікті диапазон 25-тен 39 ГГц-ке дейінгі жиіліктерді қамтиды. Дәл осы жиіліктер полиция радарларында да қолданылады.
Бұл диапазондардың ешқайсысы адамдар үшін зиянды емес. Nature журналында жарияланған ғылыми зерттеулерге шолуда сарапшылар 6 ГГц-тен жоғары жиіліктерде жұмыс істейтін радарлардың адамға әсері туралы 31 ғылыми мақаланы талдап, оның қатерлі ісік немесе басқа да қауіпті аурулардың дамуына ықпал ететініне негіз таппады.
5G желілерінің адам денсаулығына әсерін зерттеген иондамайтын сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссия (ICNIRP) технологияны зиянсыз деп таныды.
Еуропалық Парламент ғалымдардың дәлелдерін зерттей отырып, 5G технологиясын адам денсаулығына қауіп төндіреді деп санауға негіз таппады.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, біріншіден, таратылған видеода 5G, әлде жай ұялы байланыс бағанасы көрсетілген бе, белгісіз. Екіншіден, ол ағаштардың өсуіне және дамуына әсер етпейді, өйткені кадрда жасыл және сау қалың ағаштың арасында біреуі ғана қурап қалғанын байқаймыз. Үшіншіден, 5G бұрынғы технологиялар қолданған белгілі және қауіпсіздігі дәлелденген жиілік диапазондарын пайдаланады. Төртіншіден, 5G желілері адамдардың немесе жануарлардың өміріне қауіп төндіретіні туралы деректер жоқ екені жазылған ғылыми зерттеулер бар.