Фейк: «Жаңа пандемия болған жағдайда ДДСҰ елдерді олардың конституцияларын елемей басқарады»
Telegram-да белгілі бір үкіметаралық топ дәл қазір «ДДСҰ мен оған мүше мемлекеттер арасындағы келісімшарттарды қайта қарау шарттары» бойынша жұмыс істеп жатқандығы туралы ақпарат таратылуда. Бұл өзгерістер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жаңа пандемия болған жағдайда үкіметтер мен конституцияларды елемей, елдерді өз қалауы бойынша басқаруға мүмкіндік береді. Бұл фейк.
Бұл ретте келісімшарттар туралы емес, жаңа пандемиялық келісім туралы айтылып отыр. Оны әзірлеу туралы шешім 2021 жылғы 1 желтоқсанда қабылданды. ДДСҰ-ның ресми порталында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы келісімді әзірлеу процесін бастау туралы шешім қабылдады деген ақпарат бар. Бұл келісімді әзірлеудің мақсаты – билікті басып алу емес, пандемияның алдын алу тетіктерін нығайту және ден қоюға дайын болу мен әрекет етуді қамтамасыз ету. Бұл ретте баспасөз хабарламасының мәтінінде қорытынды құжат 2024 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының жетпіс жетінші сессиясында ұсынылатыны айтылған.
Келісімнің мәтіні әлі жоқ екеніне қарамастан, Желіден ДДСҰ мен қатысушы елдердің жаңа келісім бойынша ұсыныстарының тізімін көруге болады. Оның ішінде мынадай тармақтар да бар:
– шартты адам құқықтарымен байланыстыру және денсаулыққа, әділеттілікке, ынтымақтастыққа, ашықтыққа, сенім мен есеп берушілікке құқық қағидаттарын ескеру;
– патогендер мен геномдар туралы деректермен алмасу;
– пандемияға дайындықты қамтамасыз ету және оған ден қою үшін денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және қаржыландыруды арттыруға тартылатын инвестициялар.
ДДСҰ өкілдері де, оған қатысушы елдер де қазір әлемнің болашақта ықтимал пандемияға тез және тиімді ден қоюына мүмкіндік беретін қосымша мәселелерді, келісім форматын және басқа да нюанстарды талқылауда.
Пандемиялық келісімге қатысты қабылданған шешімдер Климаттың өзгеруі және денсаулық бойынша неміс альянсының, Лондон Корольдік колледжінің және Лондон экономика мектебінің аналитикалық шолуында егжей-тегжейлі сипатталған. Алайда, онда әзірленетін құжат ДДСҰ-ға қатысушы елдердің егемендігін, үкіметін немесе Конституциясын елемеуге мүмкіндік береді деп ештеңе айтылмаған.
Демек, келесі пандемия болған жағдайда ДДСҰ әлемнің көптеген елдеріне билікті басып алады деген ақпараттар – фейк.