Маңғыстау облысында 13 қазаннан бастап карантиндік шаралар күшейтіледі – шындық
Маңғыстау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев карантиндік шаралардың күшейтілгені туралы мәлімдеді. Жаңартылған қаулы 13 қазан күні сағат 00:00-ден бастап екі апта бойы күшінде болады. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде шектеулер ұзартылуы немесе күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды инАктау.
Енді орындар саны 30-дан аспайтындәмханалар мен мейрамханаларға 21:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Оларда ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.
Бөлек орналасқан супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс уақыты 21:00 сағатқа дейін қысқарды. Ауданы 100 шаршы метрден аспайтын жеке орналасқан азық-түлік дүкендері және көп қабатты тұрғын үйлерде орналасқан азық-түлік дүкендері сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қоғамдық көлік сенбі және жексенбі күндері жүрмейді.
Діни нысандар, сондай-ақ спорт нысандары, фитнес-орталықтар, спорт залдары уақытша жабылды.
Киім-кешек, құрылыс базарлары, құрылыс гипермаркеттері, азық-түліктік емес тауарлардың ашық базарларының жұмыс кестесі 9-дан 16 сағатқа дейін қысқарады.
Облыста полицейлік патрульдеу күшейтіледі. Жергілікті полиция қызметі жаппай іс-шаралар мен отбасылық мерекелер ұйымдастыратын тұрғындарды анықтайды. Сонымен қатар, жолаушылардың автобустарда қорғаныш маскаларымен отыруын тексереді.