Fake News

Дәлелсіз: «Маймыл шешек ауруын тарату 2021 жылы АҚШ-та жоспарланған»

Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары бүгінде бірнеше елде тіркелген маймыл шешек ауруының өршуі 2021 жылы АҚШ-та жоспарланған және биотеррористер шабуылының нәтижесі деген теориямен бөлісті. Бұл өтірік.

Пайдаланушылар теориясына өткен жылы Желіден табылған «Ядролық қауіпті азайту бастамасы» ұйымы мен Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы өткізген жаттығулар туралы есеп негіз болды. Сценарий бойынша биотеррористер тобы ойдан шығарылған Бриния елінде маймыл шешек вирусын таратады.

Коспирологияны жақтаушылардың айтуынша, сценарийде шабуыл жасалатын күн 2022 жылғы 15 мамыр деп көрсетілген, ал маймыл шешек ауруы тарала бастаған күн – 2022 жылғы 13 мамыр. Ал мұндай кездейсоқтықтың болуы екіталай және жаттығу сценарийі аурудың қазір таралуы алдынала жоспарланғанының дәлелі болып табылады. Бұл өтірік. Bloomberg порталы бұл теорияны жоққа шығарды.

Онда жарияланған мақалада бұл теорияны танымал Қытай блогері Шу Чанг ойлап тапқандығы айтылған. Ол Желіден табылған жаттығулар туралы мәліметтерді бұрмалап, АҚШ-ты вирус таратқаны үшін айыптаған. Алайда, есептің түпнұсқасында маймыл шешек ауруы биотеррористік шабуылдың нәтижесі деген теорияны дәлелдейтін ештеңе жоқ. Аурудың өршуі әлемде бұған дейін де тіркелген. Оның ішінде эндемикалық емес елдерде де.

Мысалы, 2003 жылы АҚШ-та 6 штатта дертті жұқтырудың 47 жағдайы тіркелді. Бұған Ганадан әкелінген кеміргіштер себеп болған.

2018 жылы Ұлыбританияда маймыл шешек ауруын жұқтыру жағдайлары тіркелді. Науқас Нигерияға сапар жасағанда сырқаттанған.

2019 жылы Сингапурда пациенттерге маймыл шешек ауруы диагнозы қойылды.

2021 жылдың шілде-қараша айларында АҚШ-та маймыл шешек ауруына шалдыққандар анықталды.

Биыл 13-21 мамыр аралығында маймыл шешек ауруы 12 елде тіркелген. Жалпы, 92 жағдай расталды және 28 пациенттің диагнозы әлі расталуда. Науқастардың басым бөлігі Португалия, Испания және Ұлыбританияда тіркелді.

Ауру ошағының пайда болуының нақты себептері әлі белгісіз. Алайда, оның террористік шабуыл салдарынан болуы мүмкін екендігіне ешқандай дәлел жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button