Fake News

Фейк: «Желіде ДДСҰ қылмыстарының тізімі жарияланды»

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ДДСҰ қылмыстарының тізімі таратылуда. Онда ұйымды геноцид жасады және балаларға қауіпті препараттарды қасақана қолданды деп айыптайды. Бұл мәлімдемелерді талдап, оларға неге сенуге болмайтынын түсіндірейік.

  1. ДДСҰ – Рокфеллердің жекеменшік ұйымы

Бұл олай емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – бұл адамдардың ең осал санаттарына көмектесу мақсатында құрылған коммерциялық емес ұйым. 

Ол 1945 жылы БҰҰ-ның Сан-Францискодағы халықаралық ұйымдар конференциясында қабылданған шешіммен құрылды. 1948 жылы ДДСҰ жұмысын бастау үшін Жарғыға жеткілікті көлемде қол жиналды.

Ашық мәліметтерге сәйкес, Рокфеллер қоры, ДДСҰ-ның ең ТОП-20 демеушісінің қатарына да кірмейді. 

  1. Қатерлі ісік жасушалары бар вакциналарды қолданғандықтан ДДСҰ-ның геноцидке қатысы бар

Бұл мәлімдеме мүлдем негізсіз. Біріншіден, ДДСҰ тарихында оған ешқашан геноцид жасады деген айып тағылмаған. Екіншіден, қандай вакциналар туралы айтылып отырғаны белгісіз. Вакцинацияға қарсы адамдар 2020 жылы қатерлі ісік жасушалары COVID-19-ға қарсы иммундауға арналған препараттардың құпия компоненттерінің бірі деген идеяларды белсенді түрде алға тартты, бұл жерде нақ осы жайлы айтылуда. Әлемде қолданылатын КВИ қарсы вакцинаның құрамы баршаға қолжетімді. Олардың құрамында обыр жасушаларының ешқандай түрі жоқ.

Вакциналардың құрамымен толығырақ мына жерден танысуға болады:

Pfizer/BioNTech;

Moderna;

Janssen;

AstraZeneca;

Sputnik V;

Hayat-Vax (Sinopharm);

QazVac;

CoronaVac.

Онколог-дәрігерлер де вакцинация қатерлі ісіктердің дамуына әсер етпейді және олардың пайда болуына себеп бола алмайды деп бірнеше рет мәлімдеді.

  1. ДДСҰ-ның Африкада 16 миллион адамның өліміне қатысы бар

Бұл дәлелденбеген. ДДСҰ және басқа медициналық ұйымдар немесе жеке медициналық процедуралар Африкада адамдардың жаппай өліміне себеп болғандығы туралы ашық деректер жоқ. Сонымен қатар, статистикаға сәйкес, 2019 жылы Африкада өлімнің негізгі себептері туа біткен патологиялар, төменгі тыныс жолдарының инфекциясы және асқазан-ішек аурулары болды.

  1. ДДСҰ кінәсінен 491 000 бала мүгедек болып қалды

Бұл қастандық теориясы вакцинацияға қарсы адамдар арасында танымал. Оны фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды. Бұл ретте 2000 жылдардың басында Үндістанда полиомиелитке қарсы вакцинация туралы айтылып отыр. Ол кезде елде балалар арасында полиомиелит емес жедел сал ауруының өсуі байқалды, алайда вакцинациямен ешқандай байланыс анықталған жоқ. Сонымен қатар, аурудың нақты вакцинацияланған балаларда дамығандығы дәлелденбеген. 

  1. ДДСҰ кінәсінен 10 миллионнан астам әйел бедеулікке ұшырады

Мұндай мәлімдемелер вакцинацияға қарсы адамдар арасында өте танымал, бірақ олар расталмайды. Жалпы, вакциналар, әсіресе, COVID-19 қарсы вакциналар бала туу қабілетіне теріс әсер етуі мүмкін деген мифтер бұрын пайда болған. Кейбір Африка елдерінде оларды дін басшылары қолдап, белсенді түрде таратуда. 

Дегенмен, әртүрлі ауруларға қарсы иммундауға арналған препараттар фертильділікке, гормоналды деңгейге, сондай-ақ бала туу, жүктілік және босану процестерінде маңызды рөл атқаратын басқа факторларға әсер ете алмайтындығын дәлелдейтін ғылыми зерттеулер жеткілікті.

Сонымен қатар, ғалымдар бедеуліктің себептерін ерлерде де, әйелдерде де іздеуде және бүгінгі күні оны вакциналар тудыруы мүмкін деп айтуға негіз жоқ.

Демек, таратылған тізімде көрсетілген ДДСҰ-ның барлық бес «қылмысы» фейк немесе манипуляция болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button