Фейк: «Әлеуметтік жарнама арқылы вакциналардың ауыр жанама әсерлерін жасыруда»
Қазақстандықтар Telegram мессенджерінде COVID-19-ға қарсы вакцинацияның тромбоз секілді ауыр жанама әсерлерін әлеуметтік жарнаманың көмегімен жасырылатыны туралы жазды. Пайдаланушылар тромб бойынша ұлттық альянс таратқан роликті көріп, осындай қорытынды жасаған. Кейбіреулерінің пайымдауынша, ел үкіметтері вакцина алғаннан кейін адамдар тромбтан қайтыс болатынын алдын ала білген, ал енді мұны тромбтың пайда боулына табиғи себептер бар деп жасыруға тырысуда. Бұл өтірік.
Тромбоз COVID-19 қарсы вакциналар пайда болғанға дейін ұзақ уақыт бойы әлемде өлім мен ауруханаға жатқызудың ең көп таралған себептерінің бірі болды. Freedom of Information ұйымының мәліметтері бойынша, 2008-2017 жылдар аралығында Шотландияда тромбоз салдарынан 75,846 адам ауруханаға жатқызылған.
АҚШ-та жыл сайын шамамен 900 мың адамға тромбоз диагнозы қойылады. Олардың 100 мыңы көз жұмады. Бұл ретте вакцинация мәртебесі ешқандай рөл атқармайды.
Тромб бойынша ұлттық альянс (NBCA) түсірген роликте COVID-19 қарсы вакцинация туралы ештеңе айтылмаған.
Альянстың ресми сайтында вакцинация ұйыған қанның пайда болуының себептерінің тізімінде жоқ.
Тромбтардың қалыптасуы – AstraZeneca және Johnson & Johnson шығарған COVID-19 қарсы вакциналардың өте сирек болатын жанама әсері.
Оны зерттеген ғалымдар бұл пациенттердің генетикасымен байланысты болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Мамандар вакцинацияға орай тромбоз дамыған адамдарда «қанның ұюына қатысатын тромбоциттік фактор 4 деп аталатын ақуызға қарсы ерекше құрылымдалған антиденелер» бар екенін анықтады.
Қазір бұл зерттеу қаралып жатыр, егер мақұлданатын болса, мамандар вакцинацияға дейін адамдарға осы өте жағымсыз реакцияның пайда болу қаупін анықтауға мүмкіндік беретін тест жүйесін әзірлеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, COVID-19-бен ауырған вакцинацияланбаған адамдарда тромбоз болуы ықтимал. Рецензияланған зерттеулерге сәйкес, ауыр өткен ауру терең тамыр тромбозының даму қаупін және мида ұйыған қанның пайда болуын едәуір арттырады.
Кейбір жағдайларда тромбтардың пайда болуына себеп болатын AstraZeneca және Johnson & Johnson вакциналары Қазақстанда пайдаланылмайтынын атап өткен жөн. Елімізде қолдануға рұқсат етілген КВИ қарсы вакциналардың толық тізімін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сайтынан көруге болады. Зерттеулерге сәйкес, олардың ешқайсысы тромбтың пайда болу қаупін арттырмайды.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қазнетте тараған әлеуметтік жарнаманы пайдалана отырып, адамдардан вакцинацияның ауыр салдарын жасырады деген пікір фейк деп қорытынды жасауға болады. Біріншіден, бұл ролик коммерциялық емес ұйым үшін жасалған және онда вакциналар туралы айтылмайды. Екіншіден, тромбоз КВИ қарсы вакциналары шығарылғанға дейін өлім мен ауруханаға жатқызудың себептерінің бірі болды. Үшіншіден, тромбоз – Қазақстанда қолданылмайтын екі вакцинаның пациенттер генетикасының ерекшеліктерімен байланысты өте сирек кездесетін жанама әсері болып табылады.