Дәлелсіз: «Омикрон нұсқасы зертханада жасалған»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде SARS-CoV-2 коронавирусының омикрон нұсқасы зертханада қолдан жасалған деген теориямен бөлісуде. Бұған қарсы пікір білдірген ғалымдардың барлығын «сатып алған», ал «аса терең білімі жоқ» тәуелсіз сарапшылар бар шындықты біледі. Мның барлығы конспирологиялық теория.
Омикрон нұсқасы көптеген мутацияға ұшырады, бұл оны SARS-CoV-2 коронавирусының басқа белгілі нұсқаларына қарағанда әлдеқайда жұқпалы етеді. Алайда, бұл оның қолдан жасалғандығының белгісі емес.
Ғалымдар осы нұсқаның пайда болуының бірнеше жолын қарастыруда. Олардың ішіндегі ең ықтималдысы: жануарларда пайда болып, мутацияға ұшырау; вирустың денсаулық сақтау жүйесі дамымаған, соның нәтижесінде бақылауға арналған сынақтар мен зертханалар жетіспейтін аймақ тұрғындарында мутациялануы; иммун тапшылығы бар адам ағзасындағы мутация.
Бүгінгі таңда қол жетімді ғылыми зерттеулерде вирус нұсқасы қолдан жасалды деп айтатындай негіз жоқ.
Оның үстіне, вирус нұсқасында осындай мутацияларды жасау мағынасыз, себебі аса жұқпалы болғанына қарамастан, ауру белгілері көбінесе жеңіл болады және асқынулар мен өлімге сирек әкеледі.
Пандемия басталғанда SARS-CoV-2 вирусының өзі де қолдан жасалды деген теориялар кеңінен тараған. Алайда, бүгінде ғылыми қауымдастық патогеннің шығу тегі табиғи болғанымен келіседі. Бұл туралы ғалымдар да, вирустың пайда болуын Уханьда зерттеген ДДСҰ-ның арнайы құрылған комиссиясының мүшелері де мәлімдеді.
Сонымен қатар, хабарламада қазіргі заманның дәрігерлері заманауи гендік терапияның мүмкіндіктерін түсінбейтіндігі, сондықтан вирус нұсқасының зертханада жасалғанын түсіне алмайтындығы айтылған. Шындығында, қазіргі кезде гендік терапия мүмкіндіктері өте шектеулі. Біріншіден, бұл сала әлі зерттеліп жатыр. Екіншіден, әлемдік қауымдастық терапияның бұл түрінің этикалық аспектілерін талқылауда. Үшіншіден, кейбір елдерде, мысалы, АҚШ-та гендік терапия клиникалық сынақтар аясында ғана мүмкін.
Қорыта айтқанда, таратылған ақпарат толығымен негізсіз және автордың жеке пікірі болып табылады. Омикрон нұсқасы зертханада әдейі жасалуы мүмкін екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Қолда бар ғылыми деректер де мұны растап отыр. Сондай-ақ, жеткілікті біліктілігі жоқ мамандар неге тәжірибелі және білімді ғалымдарға қарағанда мутация көзін дәлірек анықтай алатындығы да түсініксіз.