Дәлелсіз: «COVID-19 қарсы вакциналарда жыланның уы бар»
Әлеуметтік желі қолданушылары COVID-19 қарсы вакциналарда патша кобрасының уы табылғаны туралы жаңалықты талқылауда. Мұндай болжамды алғаш рет доктор Брайан Ардис жасады. Ол удың вакциналар мен ауыз су құрамында болады және адамдарды «шайтанның гибридтеріне» айналдыру үшін қажет деп мәлімдеді. Бұған ешқандай дәлел жоқ.
Доктор Брайан Ардис – хиропрактик. Тиісінше, ол DC — chiropractic докторы (хиропрактика дәрігері) дәрежесіне ие. Мұндай мамандар инвазивті емес процедураларды ғана жүргізуге құқылы және дәрі-дәрмек тағайындай алмайды. Сонымен қатар, толыққанды дәрігер болу үшін АҚШ заңы бойынша MD — medical doctor (MD) дәрежесі болуы керек. Айта кетейік, хиропрактиканың өзі медицинаның дәлелді саласы емес.
Сонымен қатар, вакциналардағы жыланның уы туралы идеяны Ардис жалған ақпарат таратушы болып табылатын Стю Петерс шоуында айтқан.
Демек, вакциналардағы жыланның уы туралы ақпарат көзі өте күмәнді. Дегенмен, Брайан Ардис келтірген тезистерді талдап шығайық.
Оның теориясында болуы мүмкін жалғыз ғылыми негіздеме – ғалымдар 2021 жылғы қыркүйек айында ашқан жаңалығы. Мамандар COVID-19 ауыр түрімен айырған адамдардың қанында ысылдағыш улы жыланның уында болатын ферменттерге ұқсас ферменттерді анықтаған. Алайда ғалымдар дәл осындай ферменттерді сау адамдардың қанынан да өте аз концентрацияда табуға болатындығын атап өтті, өйткені олар инфекциялармен күресуге көмектеседі. КВИ ауыр түрдімен ауырғандарда бұл ферменттердің мөлшері өте жоғары болды. Ғалымдар вакциналармен ешқандай байланысты сипаттаған жоқ және ферменттер ағзаға вакцинация нәтижесінде енеді деп мәлімдемеді.
Брайан Ардистің айтуынша, вакциналарда ферменттер ғана емес, сондай-ақ жыланның уы да таза күйінде болады. Оның үстіне, оның пікірінше, дәл осындай уды ауыз судан табуға болады. Ардистің сөзінше, бұл ауқымды улау науқанының мақсаттары қатерлі – кейбір адамдар адамзатты «шайтанның гибридтеріне» айналдырмақ.
Шын мәнінде, ауыз суда немесе вакциналарда жыланның уы немесе басқа да қауіпті заттардың болуы, теорияның өзінде, ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалмас еді. Біріншіден, мұндай қоспалар әдеттегі клиникалық көрініспен жаппай өлімге әкелуі мүмкін еді, бірақ біз мұндай жағдайды байқап отырған жоқпыз.
Екіншіден, әр түрлі елдерде ауыз судың сапасын бақылаудың әртүрлі әдістері бар. Тұрақты түрде сұйықтық үлгілері алынып, құрамындағы зиянды заттар, қоспалар және т.б. тексеріледі.
Қазақстанда ауыз судың сапасын мониторингтеу және бағалау «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Вакциналарға келетін болсақ, олардың құрамы құпия емес және жалпыға қол жетімді. Атап айтқанда, Қазақстанда тіркелген COVID-19 қарсы вакциналардың толық тізімімен, олардың құрамымен, фармакологиялық қасиеттерімен, қарсы көрсетілімдерімен және өзге де ақпаратпен ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми порталында танысуға болады.
Үшіншіден, COVID-19 қарсы вакциналар ғалымдар арасында үлкен қызығушылық тудырады. PubMed медициналық порталының өзінде ауруға қарсы вакциналарға арналған 21 мыңнан астам зерттеу ұсынылған. Оларды дәрігерлер мен ғылым докторлары жүргізген, олардың біліктілігі хиропрактик Брайан Ардистің біліктілігінен жоғары. Егер вакциналарда жыланның уы болса, ол табылатын еді деп пайымдау қисынды.
Айта кетейік, қастандық теориясын жақтаушылар да Ардистің теориясымен келіспейді. Олар екі топқа бөлінді: кейбіреулері Ардистің сөзіне толық сенсе, басқалары оның талаптарын дәлелсіз деп санайды.
Осылайша, COVID-19 қарсы вакциналардан және ауыз судан жыланның уы табылғанын мәлімдеген Брайан Ардистің сөзі дұрыс деп айтуға негіз жоқ.