Фейк: «Билл Гейтс биологиялық қару болып табылатын мыңдаған мутант масаны шығарды»
Қазақстанда танымал Telegram-чаттардың бірінің қатысушылары АҚШ-та биологиялық қару болып табылатын генетикалық модификацияланған 750 мың масаның табиғат аясына шығарылғаны туралы жазды. Оларды жасауға Билл Гейтс жеке демеушілік еткен екен. Бұл жағдайды және жәндіктердің биологиялық қару емес екенін түсіндіріп өтейік.
Таратылған хабарламада бір-бірімен байланысы жоқ екі оқиға айтылған.
Біріншісі генетикалық модификацияланған масалардың табиғи ортаға шығарылуына қатысты. Бұл шынайы ақпарат.
ГМО жәндіктер Флоридада 2021 жылы жіберілген. Мұндай масалар биологиялық қару емес, керісінше Зика вирусы сияқты қауіпті инфекцияларды тарататын масалардың белгілі бір түрінің популяциясын азайтуға арналған.
Мұндай масалардың аталықтарына ұрпақтарына берілетін арнайы ақуыз енгізілді, бұл олардың жыныстық жетілуіне жол бермейді. Осылайша, қауіпті аурулардың жаңа өршуіне жол бермей, жәндіктер саны азаяды. Бұл туралы біз жазған болатынбыз.
Масаларды жаппай егу үшін «тірі шприцтер» ретінде пайдалану мүмкін емес
Жәндіктерді Oxitec мамандары модификациялаған. Жоба 2010 жылы қолға алынды. Сол кезден бастап зертханалық және далалық зерттеулер жүргізілді, оның барысында генетикалық өзгерген аталық масалардың кейбір ұрпақтары жыныстық жетілуге жетсе де, масалар популяциясы азайды.
Хабарламада айтылған екінші оқиға – «ұшатын шприц»-масалар жасау, олар шағып алған кезде адамға безгекке қарсы вакцина енізеді. Бұл идеяның авторы – профессор Хироюки Матсуока. 2008 жылы ол Билл және Мелинда Гейтс қорынан осы әзірлемесіне грант алды. Алайда, хабарламада келтірілген, қордың негізін қалаушылар «ұшатын шприцтер жасай алған кез келген адамға» ақша ұсынуға дайын екендігі туралы тұжырым дұрыс емес. Матсуока – 2008 жылы қордан грант алған 104 жас ғалымның бірі. Қор жұмыс істеген жылдар ішінде осындай гранттарды жүздеген басқа ғалымдар да алды. Олардың барлығы әртүрлі жобалар мен әзірлемелермен айналысты, бірлесіп ұшатын шприцтер немесе биологиялық қару жасаған жоқ.
Хироюки Матсуоктың ғылыми еңбектерін ашық дереккөздерден табуға болады. Вакцина тасымаладйтын масалар шығаруға арналған ең соңғы зерттеу 2010 жылғы тамызда жүргізілген. Содан бері жұмыс жаңартылған жоқ. Сондай-ақ, баспасөзде Матсуока өз идеясын жүзеге асыра алды және сілекейдің орнына вакцина болатын масалар шығарылып, жануарларда немесе адамдарда сыналғаны туралы ештеңе айтылмаған.
Қорыта айтқанда, былтыр Флоридада табиғатқа жіберілген 750 мың масаның вакциналарға да, Билл Гейтске де, профессор Хироюки Матсуокаға да қатысы жоқ. Бұл жәндіктер биологиялық қару да емес, керісінше қауіпті ауруларды тарататын масалар санын азайтуға ықпал етеді. Адамдарға вакцина егуге қабілетті масалар – бұл іске асырылмай, тек идея болып қана қалған жапон профессорының әзірлемесі. Бұл екі жоба бір-бірімен байланысты емес.