СҚО білім басқармасы аттестаттаудан құлаған мұғалімнің өзіне-өзі қол жұмсағаны туралы қауесетті жоққа шығарды
WhatsApp-та Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында 26 жастағы мұғалім аттестаттаудан өте алмағандықтан өзіне-өзі қол жұмсады деген қауесет тарады. Облыстық білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Хабарламада ведомстволық тексеру нәтижелері таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын көрсеткені айтылған.
– Полиция департаменті де педагогтар арасында суицид фактілерін тіркемеген. Аттестаттауға келетін болсақ, ол 5 жылда 1 рет өтеді. Одан өтпеген мұғалім жұмысынан айырылмайды. Аттестаттау педагогтың біліктілігін айқындау және қосымша ақы төлеу құралы болып табылады. 2018 жылға дейін қосымша ақылар 5-17 мың аралығында болды. Қазір жалақының 30-50% құрайды. Мысалы, егер жалақы 300 мың теңге болса, қосымша ақы 150 мыңға жетуі мүмкін. Айырмашылық айтарлықтай өзгергені байқалады. Сондықтан білікті әріптестерде мұндай күйзеліске ұшырайтын себеп жоқ, – деп хабарлады СҚО білім басқармасынан.
Сондай-ақ, ведомство өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.