Фейк түрлері
Интернеттегі жалған хабарламалар әртүрлі болады – псевдоғылыми мақалалардан бастап күлкілі суреттерге дейін. Бірақ фейктердің өзі жалпы типтерге бөлінеді. Қандай?
Қасақана жалған ақпарат тарату
Кейбір адамдардың пайда табу үшін басқаларды алдайтыны сирек емес. Жалған хабарламалар жазып, әлеуметтік желілерде таратады. Мысалы, ақшаны немесе сыйлықтарды тегін тарату туралы алаяқтық хабарламалар. Әдетте, мұндай пост мақсатты аудиторияға бағытталады. Оқырмандардың оның шын екеніне сенгісі келеді және сенеді. Мұндай хабарламалар көп және олар әртүрлі. Бірақ олардың мазмұнындағы ең бастысы – оқырман ақпаратты тексеруге уақыт жұмсамауы үшін мәтінді сенімді етіп жазу.
Жалған тақырыптар
Тақырып нақты деректі жеткізіп тұрады, бірақ мақаланың негізгі бөлігінде мүлдем басқа жайт туралы айтылады. Жалған жаңалықтардың бұл түріне арналған интернет-термин – «кликбейт» – тақырыптар. Олар оқырманның назарын аударады және жалған жаңалықтарды оқу үшін оны ашуға итермелейді. Жақсы жағдайда олар адамдарды шатастырады, ал ең жаманы – қасақана алдайды.
Әлеуметтік желілердегі алмасу
Әлеуметтік желілер – бұл аз уақыт ішіндегі көптеген хабарламалар. Осыған байланысты пайдаланушылар әр жаңалықты зерттеуге және тексеруге уақыт жұмсамайды. Көбінесе жалған ақпарат жасаушылар онымен бөлісуге және лайк басуға үндейді. Ал жазылушылар жаңалықты кеңінен таратады. Фейк неғұрлым көп таратылса, ол оқырмандар үшін соғұрлым рас болып көрінеді. Бірақ бұдан ол шындыққа айналмайды.
Комедиялық хабарламалар
Сатиралық немесе комедиялық жаңалықтар әдетте жартылай шындықтан тұрады. Бірақ кейіннен әдейі бұрмалана бастайды. Олар адам назарын аударады, бірақ бұл жерде сатира немесе өзіндік әзіл қолданылып тұрғанын оқырмандардың бәрі түсіне қоймайды және оны шынайы ақпарат ретінде таратады.
Қалай анықтайды және тексереді
Шындықты фейктен ажырату қабілеті – ақпараттық сауаттылықтың бір бөлігі. Жаңалыққа баға бере отырып, өзіңізге мынадай үш сұрақ қойыңыз.
1-сұрақ: Авторы кім?
Жалған ақпаратты тану үшін оның авторы немесе таратушы кім екенін қарап алу керек. Интернетте жаңалықты бағалау кезінде мыналарды ескеру қажет:
Бұл ақпаратты жариялаған немесе жіберген адамды білесіз бе?
Қолтаңбасы немесе кіріспесі бар ма және бұл адамның құзыреттілігі туралы не білесіз?
Сайтта авторы көрсетілген бе немесе «мен туралы» бөлімі бар ма?
Ұйымның «біз туралы» сілтемесі бар ма?
Контент жасаған немесе жариялаған ұйым қалай аталады?
Интернеттен автор туралы қосымша ақпарат іздеп көріңіз. Тағы не жазыпты, не жариялапты.
Бұл оқиғаға қатысушының әңгімесі мен, әлде біреудің оқиғасын айтып берген бе?
2-сұрақ: Бұл не қылған хабарлама?
Хабарламаны оқып шығып, онда не туралы айтылғанын біліп алыңыз. Бұл ретте мыналар маңызды:
Хабарлама авторы менің назарымды қалай аударды?
Бірнеше жерден бірдей жаңалықты таба аламын ба?
Әтүрлі сарапшылардың пікірлері қолданылған ба, дереккөздері әртүрлі ме?
Жаңалықтар жарияланған парақша жиі жаңартыла ма?
Жаңалық қай күні шыққан?
Автор кімге сілтеме жасап отыр? Осы ақпараттың дереккөзін тексеріп, олардың тәжірибесіне көз жүгіртіңіз. Олар анонимдік пе?
Дереккөздердің сөздері тырнақшаға алынған ба? Дәйексөздер сенімділікті арттырады.
Жаңалық – дерек пе, пікір ме?
Көзқарасы қандай, не ескерілмеген?
Хабарламаның форматы қандай? Визуалдық және мәтіндік элементтерге мән беріңіз.
3-сұрақ: Ол неге жасалды?
Ақпараттың фейк екенін анықтау үшін оның не үшін жасалғанын түсінуіміз керек. Маңызды жайттар:
Авторды хабарламаны жазуға немесе жариялауға не итермелегенін айта аласыз ба?
Ол пайда табу мақсатында жазылды ма?
Бұл жаңалық шынымен жарнама ма?
Дереккөздер ақша төледі ме?
Авторға ақша төленді ме?
Бұл «табиғи», «демеушілікпен жазылған контент» екендігі көрсетілсе, онда қандай да болмасын жеке тұлға немесе ұйым ақпаратты басқалары көруі үшін ақша төледі ме?
Ақпаратты жеке немесе әлеуметтік желілерде басқалармен бөліспес бұрын, оны алдын ала тексеріп алған жөн.
Stopfake редакциясы ақпараттың шынайылығын тексеру үшін WhatsApp-та тікелей желі ашты. Егер әлеуметтік желілерде жалған болып шығуы мүмкін күмәнді хабарламаларды, фотосуретті немесе видеоны көрсеңіз – оларды +7 707 739 5599 WhatsApp номеріне жіберіңіз. Біз жалған ақпаратты жоққа шығарамыз немесе ол шын болса, растаймыз. Сіздердің хабарламаларыңызды күтеміз.