Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар Белл параличін тудырады»
Әлеуметтік желілерде қолданушылар Лондонда Хитроу әуежайының жанындағы аялдамада түсірілген суретпен бөлісуде. Суретте қыздың бейнесі мен «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі ескертеді: COVID-19 қарсы вакциналар Белл параличін тудырады» деген жазуы бар жарнама тақтасы бейнеленген. Бұл жалған ақпарат.
Ұлыбританияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің (NHS) тапсырмасы бойынша аялдамада осындай хабарлама жазылған баннердің орнатылғаны жөніндегі ақпаратты британдық фактчекерлер жоққа шығарды.
Associated Press басылымының хабарлауынша, NHS қызметінің Желіде таратылған жарнамалық постерге ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ, олар клиникалық және постклиникалық сынақтар кезінде вакциналар мен Белл сал ауруы арасындағы байланыс анықталмағанын атап көрсетті.
Сонымен қатар, Reuters басылымы NHS баспасөз хатшысы постердің олардың ұйымдарына ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдегені туралы жазды. Мақалада баннердегі қыздың бейнесі кез келген адам пайдалана алатын фотосурет екендігі айтылған. Суреттегі қыздың COVID-19 қарсы вакцина салдырғаны туралы ақпарат жоқ.
Қорыта айтқанда, баннердегі ескертуге сенуге болмайды. Әлеуметтік жарнаманы Ұлыбританияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің логотипін заңсыз пайдаланған белгісіз біреулер орналастырған. COVID-19 қарсы вакциналардың қауіпсіздігін зерттеу вакцинация мен Белл параличінің арасында ешқандай байланыс жоқ екенін көрсетті.