Fake News

Қайтыс болғаннан кейін донорлықтан бас тарту ережелері бар

Қазақстанда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс» қабылданбас бұрын біраз талқыланды. Көп дау тудырған нормалардың бірі қайтыс болғаннан кейінгі донорлық болды. Әлеуметтік желілерде фейк ақпараттар тарады, ал заң жобасына қарсы адамдар құжатты қайта қарауға үндейтін түрлі өтініштер жазды.

2020 жылдың 7 шілдесінде Денсаулық туралы кодекске қол қойылды.
Жаңа Кодексте тұтастай бір тарау органдарды трансплантациялау тақырыбына арналған. Онда органдарды алу процедуралары, тіпті трансплантациялауға келісу және одан бас тарту жағдайлары көрсетілген. Мысалы, баптардың бірінде «адамнан ағзаларды (ағзаның бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) мәжбүрлеп алуға тыйым салынады» делінген.
Бірақ нормалардың нақты белгіленгеніне қарамастан, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар бұрмаланған ақпаратты таратуды жалғастыруда. Бұл күндері қазақстандық интернет желісінде Донорлықтан бас тарту ережелері, дәлірек айтқанда «олардың жоқтығы» талқылана бастады. Көптеген пайдаланушылардың айтуынша, «Ереже болмаса, елдің кез келген азаматының органдарын оның келісімінсіз транспланттай алады».
Stopfake тек ресми және сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырады. Жаңа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте» біз медициналық ұйымға жүгінген кезде немесе электрондық үкімет порталы арқылы донорлықпен келісуге және одан бас тартуға болатындығы жазылған 209-бапты оңай таптық.

«Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімінде Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алуға келісімі немесе одан бас тартуы туралы ерік білдіруін тіркеу медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталында жүргізілуі мүмкін», – делінген құжатта.

Сонымен қатар, Қазақстанда 2015 жылдан бері қолданылып жүрген, сол кезде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін басқарған Тамара Дүйсенова қол қойған ережелерді де таптық. 2020 жылдың мамыр айында бұрынғы министр Біртанов өз бұйрығымен бірқатар түзетулер енгізді. Бірақ донор болуға келісу немесе одан бас тарту процедурасы мен алгоритмі азамат тіркелген медициналық ұйымның қарауында қалды. Ережелерде, қайтыс болғаннан кейін өз органдарының қолданылуын қаламайтын жандар толтыра алатын өтініш үлгілері де бар.


Сондай-ақ электрондық үкімет сайтының «Медициналық көмек» бөлімінде «Қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіндердің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау мақсатында оларды тірі кезінде ерікті түрде беруге келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу» қызметі көрсетіледі. Бірақ ол электронды түрде көрсетілмейді, ол үшін медициналық ұйымға жүгінуіңіз қажет. Қызмет тегін және 1 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Сонымен қатар «Медициналық көмек» бөлімінде өтініштердің қажетті үлгілерін таба аласыздар.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтан бас тарту ережелері бар. Оған келу немесе бас тарту туралы өтініш пациент тіркелген медициналық ұйымға беріледі. Қызмет азаматөзі жүгінген кезде ғана көрсетіледі және әлі автоматтандырылмаған. Қазақстанда органдарды мәжбүрлеп алуға тыйым салынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button