Fake News

Фейк: «Sars-CoV-2 вирусын жасаушылар анықталды»

Қазнетте «COVID-19 жасаушылары анықталды» деген ақпарат тарады. Бұл Қазақстандағы жаңа биозертхананың құрылысы туралы баяндайтын жаңалықтар бейнесюжетінен үзінді. Шын мәнінде, бұл жаңалықтың пандемияға ешқандай қатысы жоқ және COVID-19 ауруын тудыратын Sars-CoV-2 вирусының қолдан жасалғанын дәлелдемейді.


Өткен аптада БАҚ Қазақстанда қауіпті және аса қауіпті штаммдар коллекциясы үшін жаңа биозертхана мен қойма салу туралы хабарлады. 
Жобаны әзірлеуші – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Ведомство мамандарының Sars-CoV-2 вирусының пайда болуына ешқандай қатысы жоқ. Біріншіден, Министрлік вирустарды зерттеумен айналыспайды. Екіншіден, бұл патоген алғаш рет Қазақстанда емес, Қытайда табылған. Үшіншіден, SARS-CoV-2 вирусының табиғи жолмен пайда болғандығы дәлелденген, оны рецензияланған Nature журналында жарияланған ғылыми зерттеу нәтижелері растайды.
Сонымен қатар, ДДСҰ мамандарының делегациясы Уханьдағы зертханада тергеу жүргізіп, вирустың пайда болуының ықтимал нұсқаларын, соның ішінде оның зертханадан сыртқа шығарылу мүмкіндігін қарастырды. Алайда, бұл теория расталмады, бұл туралы ұйымның есебінде айтылған.

Патогенді зерттеу барысында алынған басқа ғылыми деректер де оның зертханада жасалғанына негіз бола алмайды. Мұндай қорытындылар рецензияланған The Lancet ғылыми журналында және Science Direct ғылыми порталында жарияланды.
Демек, биозертхананы салу жоспарлары мен SARS-CoV-2 коронавирусының арасында ешқандай байланыс жоқ. Сондай-ақ, Қазақстанда мұндай нысанның құрылысы патогеннің қолдан жасалғандығын дәлелдемейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button