Fake News

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу: оны қайда жұмсау жоспарланып отыр

2021 жылдан бастап салымшыларға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пәтер сатып алуға, емделуге немесе оларды қаржы компаниясына беруге жұмсауға рұқсат етіледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлім етті. Мұндай мүмкіндікті 700 мыңнан астам адам пайдалана алады деп болжанып отыр.

Stopfake.kz Бірыңғай зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жинақтардың бір бөлігін алу құқығына кімдер ие екендігі және бұл қаражатты қай мақсатта пайдалануға болатыны турал айтып береді.

1. Жинақтарды алуға кімге рұқсат етіледі
– зейнеткерлер – қалған соманың 50%-ына дейін. Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табыс (бұрын алынған жалақы) мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауға тиіс.
– зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да әлі де жинақтары бар азаматтар.
– еңбекке жарамды жастағы азаматтар. Олар «жеткіліктілік шегі» деп аталатын сомадан асатын бір бөлігін пайдалана алады.

«Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам қазақстандық пайдалана алады», – деді Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

2. «Жеткіліктілік шегі» дегеніміз не
Бұл белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы. Ол сома БЖЗҚ тұрақты түрде жүзеге асырылатын 10% зейнетақы жарналарын ескере отырып, 82 жасына дейін зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етеді.
«Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері:
– әйелдер мен ерлер үшін бірдей;
– кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б. сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады;
– 20 жастан бастап әр жас үшін есептеледі.
Мысалы, 30 жастағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды.
35 жас – 2 млн 961 мың теңге;
40 жас – 3 млн 437 мың теңге;
45 жас – 3 млн 947 мың теңге;
50 жас – 4 млн 495 мың теңге;
55 жас – 5 млн 084 мың теңге;
59 жас және одан асқандар – 5 млн 586 мың теңге.
Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы ел бойынша орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімд.
Мысалы, егер 35 жаста 10 млн теңге жинасаңыз, 2,9 млн теңгені зейнетақы шотында қалдырып, қалған 7,1 млн теңгені пәтер сатып алуға жұмсауыңызға болады.

3. Қайда жұмсалады
Емделуге – өздері, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) үшін емделудің ақысын төлеу үшін.
Тұрғын үй немесе жер учаскесін сатып алуға. Бұл ретте шектеулер көп болмайды деп күтілуде. Пәтерді басты және қайталама нарықтан алуға болады. Сонымен қатар, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге, тұрғын үй салуға немесе жөндеу мүмкіндігін және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жұмсау қарастырылып отыр.
“Мақсатты пайдалану үшін осы отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады, – деді Біржан Нұрымбетов. – Азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алады.
Айта кетейік, зейнетақы жинақтарының алынатын бөлігі қолға берілмейді. Қаржыны тұрғын үй сатушыға немесе денсаулық сақтау ұйымына, не болмаса қаржы ұйымына тікелей аудару жоспарланып отыр.
Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін.

«Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін барлық тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданып, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button