Fake News

Фейк: «Спутник – V» вакцинасының ДНҚ өзгертетініне дәлелдер табылды»

Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда түрлі онлайн-құжаттардың скриншоттарынан тұратын бейнеролик тарады. Олардан алынған үзінділер Қазақстанда қолданылатын «Спутник-V» вакцинасының адамдардың ДНҚ-ын өзгерте алатынын дәлелдейді. Бұл қандай құжаттар және таратылған бейнеге неге сенбеу керектігін түсіндіріп берейік.

Видеода көрсетілген алғашқы скриншот «Гам-КОВИД-Вак дәрілік препаратын медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық, SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған біріктірілген векторлық вакцина» деп аталатын құжаттан жасалған.
Онда вакцинаның құрамы, қолдану тәсілі, дозасы, жанама әсерлері, сақтау мерзімі мен шарттары егжей-тегжейлі сипатталған. Видеода препаратты сақтау шарттары туралы жазылған бөлігі көрсетілген. Осы және құжаттың басқа абзацтарында да оның ДНҚ-ны өзгерте алатындығы жайлы айтылмаған.
Одан әрі қарай, видеода басқа құжаттың суреті көрсетіледі, ол «Спутник-V әзірлеу кезінде қолданылатын генетикалық емнің сипаттамасы» бар құжат ретінде қол ұсынылған. Көрсетілген абзацта вирустың әртүрлі түрлерімен гендік-инженерлік манипуляциялар туралы айтылады. Алайда, құжаттың «Спутник-V» вакцинасына қатысы жоқ. Бұл скриншот Михаил Супотницкийдің «Вирустарға негізделген гендік терапиялық векторлық жүйелер» атты ғылыми мақаласынан алынған. Бұл еңбек 2011 жылы жарық көрді, сондықтан онда СOVID-19 туралы да, ауруға қарсы вакциналар туралы да айтылмайды.
Одан әрі, видеода Google-да іздеу нәтижесінің скриншотын көрсетіледі. Экранда COVID-19 қарсы вакциналардың түрлері туралы мақала көрсетілген, оның ішінде Роспотребнадзордың ресми сайтында жарияланған ДНҚ мен РНҚ препараттары дар бар. 2020 жылғы қыркүйекте жарияланған материал – шолу, яғни онда сол кезде әзірленіп жатқан COVID-19 алдын алуға арналған барлық препараттар туралы айтылған.
«Спутник-V» – ДНҚ немесе РНҚ вакцинасы немесе бұл препараттың адам геномына әсер етуі мүмкін екендігі туралы мақалада жазылмаған.
Келесі скриншот «Википедиядан» Рибонуклеин қышқылына немесе РНҚ-ға арналған парақшадан жасалған. Суретте көрсетілген бөлікте вакциналар туралы мүлдем айтылмайды. Онда барлық тірі жасушалық организмдер ақуызды РНҚ көмегімен синтездейді делінген.
Айта кетейік, «Спутник-V» вакцинасы РНҚ немесе ДНҚ вакцинасы емес. Ол аденовирус векторы негізінде жасалған. Вакцина адам геномын өзгерте алмайды, өйткені оның компоненттері жасуша ядроларына енбейді, онда барлық тірі организмдердің ДНҚ молекулалары сақталады. 
Демек, таратылған видео әртүрлі құжаттар мен мақалалардың скриншоттарынан тұрады, олардың кейбіреулерінің «Спутник-V» вакцинасына қатысы жоқ және ешқайсысында препарат адам геномына әсер ете алады деп айтылмайды. Яғни, «Спутник-V» адамның ДНҚ-на араласу үшін жасалған деген пікірлер фейк болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button