Fake News

Фейк: «АҚШ-та COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдардың барлығын құқықтарынан айырды»

Әлеуметтік желілерде АҚШ-та COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған адамдар барлық құқықтарынан, соның ішінде өмір сүру құқығынан айырылды деген ақпарат тарады. Мұндай шешімді елдің Жоғарғы соты қабылдаған екен. Бұл өтірік.

Шын мәнінде, АҚШ Жоғарғы соты мұндай шешімдер қабылдаған емес. Соттың ресми сайтында мұндай ақпарат жоқ.

Дегенмен, қастандық теорияларын жақтаушылар АҚШ Жоғарғы сотының шешімімен вакцинацияланған адамдар енді адамдар емес, ал олардың гендерін фармацевтикалық компаниялар патенттейді деп ұдайы айтады.

Бұған дәлел ретінде олар Жоғарғы соттың 2012 жылғы қаулысын келтіріп отыр. Ол кезде Молекулалық патология қауымдастығының Myriad Genetics, Inc-ке қарсы ісі жүріп жатқан болатын. Сот барысында вакциналар туралы әңгіме болған жоқ. Процессте адам гендерін патенттеу мүмкіндігі қарастырылды. Алайда сот шығарған шешімде: «Біз табиғи түрде пайда болған нуклеотидтер тізбегі өзгертілген ДНҚ-ны патенттеу мүмкіндігін қарастырмаймыз. Генетикалық кодтың ғылыми өзгеруі – бұл басқа сауал және біз осындай әрекеттерге 101-параграфты қолдану туралы ешқандай пікір білдірмейміз. Біз гендер мен олардың құрамындағы ақпарат қоршаған генетикалық материалдан оқшауланғандықтан олардың 101-параграфқа сәйкес патенттелмейтінін ғана қаулы етеміз» делінген.
Айта кетейік, АҚШ кодексінің 101-тармағына сәйкес «Кез келген жаңа және пайдалы процесті, машинаны, затты өндіруді немесе құрамын немесе олардың кез келген жаңа және пайдалы жетілуін ойлап тапқан немесе тапқан кез келген адам осы бөлімнің шарттары мен талаптарына сәйкес патент ала алады».
Мұның бәрі адам гендерін патенттеуге болмайтынын дәлелдейді, ал АҚШ Жоғарғы соты екпе салдырғандар адам емес деген шешім шығарған жоқ.
COVID-19 қарсы вакциналар ДНҚ-ны өзгерте алады деген теориялар ғылымға қарсы және мүлдем дәлелденбеген. ДНҚ жасуша ядроларында болады, оған вакцина компоненттері түспейді. Бұл процесті Филадельфия балалар ауруханасының вакцинация білім беру орталығының директоры Пол Оффит WebMD басылымына берген сұхбатында егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Вакциналардың адам гендерін өзгертуі үшін мРНҚ нұсқаулары жасушаның басқару орталығына – ядроға енуі керек. Ядро жасушаның қалған бөлігінен өз мембранасымен бөлінеді. Бұл мембранадан өту үшін мРНҚ-да ядроға қол жеткізу сигналы деп аталатын фермент болуы керек. Егер ол ядроға ене алса да, бір мРНҚ спиралі ДНҚ қос спираліне айналуы тиіс еді. Мысалы, бұл СПИД тудыратын АИТВ вирусында жүзеге асады. Онда хромосомаларға ену үшін кері транскриптаза сияқты фермент қолданылады. мРНҚ-да бұл фермент жоқ, сондықтан ол қайтадан ДНҚ-ға айнала алмайды», – деп түсіндірді Оффит.
Вакциналар адамның ДНҚ өзгерте алады деген теорияларды басқа да мамандар мен фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.

COVID-19 вакцинасы адамдардың ДНҚ-сын өзгертіп, зомбиге айналдырады – фейк

Демек, АҚШ-та вакцинацияланған адамдар барлық құқықтардан, соның ішінде өмір сүру құқығынан айырылды деген ақпарат ойдан шығарылған. АҚШ Жоғарғы соты мұндай шешім қабылдаған емес, сондай-ақ кез келген вакцина адамның ДНҚ өзгерте алмайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button