Манипуляция: «Қытай азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелеріне орай азық-түлік қорын жинауға шақырады»
Қазақстандықтар мессенджерлерде алдағы уақытта ашаршылық болады деп қорқытуда. Бұл жолы олар дәлел ретінде ел азаматтарын ең қажетті азық-түлік қорын жинауға шақырған Қытай үкіметі шығарған директиваны келтіруде. Шын мәнінде, Қытай үкіметінің үндеулерінің азық-түлік жеткізіліміндегі іркілістерге де, ашаршылыққа да қатысы жоқ.
Биыл 2 қарашада Қытай үкіметінің өз азаматтарын қажетті азық-түлік қорын жинауға шақырғаны рас.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, әдетте қыс қарсаңында Қытайда көкөністер қымбаттайды. Екіншіден, осы жылдың қазан айында Қытайдың солтүстік бөлігінде ерекше қатты жаңбыр жауып, Шаньдун ірі көкөніс провинциясын су басып, егін түгелдей дерлік жойылды. Нәтижесінде соңғы апталарда қырыққабат, брокколи, шпинат, қияр және басқа да көкөністің бағасы екі еседен артық өсті.
Үшіншіден, Қытай билігі тағы бір локдаунның болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды, өйткені елде COVID-19 жұқтыру жағдайларының көрсеткіші қайтадан өсе бастады. Биыл қыста Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары өтеді, сондықтан елдегі аурушаңдық деңгейі нөлге тең болуы маңызды. Бұл үшін ел билігі бұрын-соңды болмаған шараларды қолға алмақ. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қарашасында Шанхайда Диснейленд кем дегенде екі күнге толығымен жабылды. Бұған ойын-сауық саябағынан келгеннен кейін COVID-19 сынағының нәтижесі оң боғлан бір ғана турист себеп болды.
Айта кетейік, Қытай үкіметі қолдайтын The Economic Daily басылымы азаматтарды «елес-қиялға» тым берілмеуге шақырды және директиваның аурушаңдықтың өршуіне және локдаунның болуына орай азық-түлік қорын жинау қажеттілігіне байланысты шығарылғанын түсіндірді.
Демек, үкіметтің тамақ өнімдері қорын жинау туралы үндеуі қастандыққа, жеткізілімдегі іркілістерге және алдағы уақытта аштық болуы мүмкін екендігіне қатысты емес. Нақты себептері – нөсер салдарынан көкөніс бағасының қымбаттауы және COVID-19 аурушаңдықтың өсуі.
Қазақстандықтар жақын арада Жер бетінде ашаршылық болатыны туралы қастандық теорияларын бұған дейін де таратқан. Олар алдағы уақытта барлық елдерде азық-түлік тапшылығы орын алады, ал өсімдік тектес ақуыз өнімдер пакеттері тек вакцинацияланған адамдарға ғана беріледі деп жазды. Қастандық теорияларын жақтаушылардың тағы бір болжамы бойынша, адамдарды «бір бөлке нан үшін» егілуге мәжбүрлейді. Сондай-ақ, біз әлем бойынша азық-түлік пен малды қасақана жойып жатқаны туралы фейктерді жоққа шығардық.