Дәлелсіз: «COVID-19-ға қарсы табиғи иммунитет вакциналарға қарағанда тиімдірек»
Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде Израиль ғалымдарының жаңа зерттеулерімен бөлісуде. Онда толық вакцинацияланған адамдар үшін COVID-19 жұқтыру қаупі бұл аурудан айыққандарға қарағанда 13 есе жоғары екендігі айтылған. Екпе салдырғаннан гөрі ауырып қалған жөн деген пікірдің неге дұрыс емес екендігін түсіндіріп өтейік.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұл зерттеу биыл 24 тамызда MedRXiv порталында жарияланған.
Оны Тель-Авивтегі Maccabi Healthcare Services клиникасы жанындағы Maccabi зерттеу және инновациялық орталығының мамандары жүргізген. Олар емханалардағы пациенттердің жазбаларын зерттеген, оның ішінде 674 мыңы толық егілгендер және 105 мыңы COVID-19-дан жазылып шыққандар. 105 мың науқастың 63 мыңы екпе салдырмағандар, ал 42000-ы қалпына келгеннен үш ай өткен соң Pfizer-дің бір дозасын алған.
Ғалымдар Израильде биыл SARS-CoV-2 коронавирусының дельта нұсқасы басым болған маусым-тамыз айларында жиналған медициналық жазбаларды қараған.
Нәтижесінде мамандар вакцинацияланбаған адамдарға қарағанда толық егілгендерде КВИ жұқтыру қаупі 13 есе артық екенін мәлімдеді. Алайда, дәл осы зерттеуде COVID-19-дан айыққаннан кейін вакцинаның бір дозасын алған адамдар аурудан кейін мүлдем егілмегендерге қарағанда жақсы қорғалғандығы да айтылған.
Осы ғылыми жұмыстың нәтижелерін түсіндіру кезінде назар аударарлық жайт – рецензияның жоқтығы. Демек, зерттеуді басқа ғалымдар тексермеген және оның нәтижелерін ғылыми дәлелденген факт деп санауға болмайды.
Ғылыми қауымдастық зерттеудің қатысушылардың жеке және жүйелі бақылауына емес, олардың медициналық өтініштері туралы жазбаларды бағалауға негізделгеніне назар аударуға шақырады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл әлдеқайда сенімсіз, өйткені қанша адамның симптомсыз ауырғаны және дәрігерге жүгінбегені, қаншасы КВИ-ді жай суық тию деп ойлағаны, қатысушылардың алдын алу шараларын сақтағаны, қоғамдық орындарға барғаны, маска таққандары және т.б. белгісіз.
Мэриленд университетінің вакциналарды дамыту және жаһандық денсаулық сақтау орталығының өкілі Метью Лоренс PolitiFact басылымына вакцинация мен ауырудың арасында вакцинацияны таңдау керек екенін мәлім етті.
– Вакцинациядан гөрі ауру жұқтырған жөн деген пікірде COVID-19 инфекциясымен байланысты тәуекелдер, оның ішінде өлім сияқты қауіптер ескерілмген. Вакцинация – ең жақсы профилактика. Бұл клиникалық зерттеулердің ең жоғары сапасы болып табылатын көптеген перспективті қос соқыр рандомизацияланған клиникалық зерттеулерде айқын көрсетілген», – деді ол.
Бүгінгі таңда ауырғаннан гөрі вакцинация нәтижесінде иммунитет қалыптастырудың қауіпсіз және ақылға қонымды екенін растайтын рецензияланған зерттеулер көп.
Жеңіл немесе орташа дәрежеде ауырудың нәтижесінде COVID-19 алты айға дейін жалғасып, ұзақ уақыт бойы әлсіздік, шаршағыштық, депрессия, ашуланшақтық және т.б. сияқты белгілер болуы мүмкін.
Демек, Израиль ғалымдарының зерттеуін вакцинацияның орынсыз екендігінің дәлелі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл еңбек әлі рецензияланбаған және онда келтірілген тезистерді басқа беделді ғалымдар тексеруі керек. Бүгінгі таңда вакцинация COVID-19 алдын алудың тиімді және қауіпсіз құралы болып табылады.