Фейк: «Sars-CoV-2 вирусының геномы ашылған жоқ, ойдан шығарылған»
Қазақстандықтар Telegram-чаттарда жаңазеландиялық доктор Саманта Бэйлидің сөйлеген сөзінің видеосын таратуда. Оның айтуынша, SARS-CoV-2 коронавирус геномы ешқашан ашылған емес. Оның айтуынша, геномды ПТР тест деректері мен басқа коронавирустар туралы ақпарат негізінде ойлап тапқан. Бұл жалған.
Доктор Саманта Бэйли – Жаңа Зеландияның TVNZ-1 телеарнасындағы The Checkup телебағдарламасының экс-жүргізушісі. Бұған дейін ол ПТР тестілері вирустың бар-жоғын анықтай алмайды, тек «маңыздылығы бізге белгісіз генетикалық материалды» ғана анықтайды деп мәлімдеген болатын. Бұл тұжырымдар тәуелсіз фактчекерлермен және дәрігерлермен бірнеше рет жоққа шығарылды.
Бұл жолы видеода Саманта Бэйли SARS-CoV-2 вирусы ешқашан оқшауланбаған және жүйеленбеген, ал оның GenBank ашық деректер базасында сақталған геномын ғалымдар ойлап тапқан деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Бэйлидің айтуынша, «өнертабыстың» негізіне пациенттерді ПТР-тестілеу және коронавирус тобының басқа өкілдерінің геномдары алынған. Бұл мәлімдеме мүлдем негізсіз.
Sars-CoV-2 вирусының РНҚ 2020 жылдың 9 қаңтарында Уханьда пневмониямен ауырған науқастардан алынған нуклеин қышқылының үлгілерінен шығарылды. Ол кезде SARS-CoV-2 вирусын анықтайтын ПТР тесттер әлі болған жоқ.
12 қаңтарда GenBank деректер базасында ғалымдардың әртүрлі топтары ашқан 5 геном тіркелді. Кейіннен вирустың геномын әртүрлі елдердің ғалымдары бір-бірінен тәуелсіз анықтады.
Вирус нұсқаларының геномдарын ашу жұмыстары қазір де жалғасуда. Ағымдағы жылдың 8 қаңтарында ДДСҰ вирусты тазарту және ретке келтіру бойынша жаңартылған нұсқаулық шығарды. ПТР-тестілеу арқылы геномды анықтау онда сипатталмайды.
РНҚ вирусы осы вирусты анықтауға арналған ПТР тесттің арқасында ашылды деген пікір ғылымға қарсы. Өйткені, ПТР сынақтары ағзада РНҚ патогенінің болуын анықтайтындай етіп жасалған. Былайша айтқанда, SARS-CoV-2 вирусын анықтайтын тест ойлап табу үшін ғалымдар осы вирустың геномын ашуға тиіс болды. Австралиялық вирусолог Ян Маккей өзінің Twitter-дегі парақшасында ПТР талдауы қалай жұмыс істейтіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Доктор Саманта Бэйли Sars-CoV-2 вирусының оқшауланбағанын бған дейін де айтқан болатын. Ол The Truth About Virus Isolation деп аталатын видео жариялаған. Желіден оның егжей-тегжейлі теріске шығарылғанын табуға болады.
Демек, Саманта Бэйлидің Sars-CoV-2 вирусы ешқашан оқшауланбаған деген тұжырымдары жалған. Геномды ғалымдар ойлап тапқаны туралы тезис ғылымға қарсы және ешқандай дәлелі жоқ. Саманта Бэйли бұған дейін де ғылыми дәлелденген фактілерге қайшы келетін фейк мәлімдемелер таратқан.