Манипуляция: «Ғалымдар COVID-19 қарсы вакцинациясы салдарын дәлелдеп, егу науқанын тоқтатуды талап етуде»
Қазнетте «әлемнің үздік» 57 ғалымы жүргізген зерттеу туралы хабарлама кеңінен тарады. Олар өз жұмысында вакцинацияның салдарын дәлелдеп, әлем бойынша егу науқанын тоқтатуды талап етуде. Бұл манипуляция.
Бұл зерттеу бірден бірнеше ашық платформаларда жарияланды. Бірақ ешқайсысында рецензияланбаған. Яғни, онда ұсынылған тезистер ғылыми қауымдастықпен расталмаған және оларды сенімді деп санауға болмайды.
Зерттеуге қатысқан 57 маманның кейбірі бұрын жалған ақпарат таратқан.
Мысалы, бас зерттеуші ретінде көрсетілген Карина Асеведо ПТР тест тиімсіз және Pfizer мен BioNTech вакциналары қауіпті деп мәлімдеген болатын. Бұл тұжырымдарды фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.
Рецензияланбаған зерттеу авторларының тізімінде көрсетілген иммунолог Роксана Бруно да өткен жылдың тамыз айында SARS-CoV-2 вирусы оқшауланбаған деп, танымал болған. Бұл негізсіз, өйткені вирус геномы және оның микроскоппен түсірілген суреттері ашық дереккөздерде бірнеше рет жарияланды.
Жұмыстың тағы бір бірлескен авторы Тереза Форкадес қазіргі денсаулық сақтау жүйесі мен вакцинацияға қарсы үгіт-насихат туралы қайшылықты пікірлерімен белгілі.
Авторлар тізімінде көрсетілген кардиолог Питер МакКаллоу 50 жасқа дейінгі адамдарға COVID-19-ға қарсы вакцина салдырудың қажеті жоқ деген жалған мәлімдемелер үшін бұрын сынға алынған.
Жұмыстың бірлескен авторы, генетик Александра Хенрион-Код өткен жылдың желтоқсан айында COVID-19 қарсы вакциналар гендік инженерияның бір түрі деген жалған мәлімдемелер таратқан. Бұл теорияны грек фактчекерлері жоққа шығарды.
Зерттеуде авторлар өздерінің тәжірибелік деректерін келтірмейді, тек вакцина алынғаннан кейін пайда болатын жанама әсерлер туралы хабарламаларға ғана тоқталады.
Айта кетейік, бұл еңбекте вакцинацияны тоқтату талаптары жоқ. Онда тек «Кез келген биомедициналық зерттеу бағдарламасы, деректер қауіпсіздігін мониторингтеу жөніндегі кеңестер (DSMB) мен оқиғаларды қарау жөніндегі комитеттер (EAC) сияқты тәуекелдерді азайту жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Егер DSMB және EAC олай істемесе, біз жаппай вакцинацияны тоқтата тұруды талап етеміз» делінген.
Алайда, денсаулық сақтау жүйесіне қатысушылар вакциналардың жанама әсерлерінің пайда болу қаупін азайту үшін ешқандай әрекет жасамайды деген пікірлер де негізсіз. Біріншіден, қолданылған препараттар тиімді және қауіпсіз деп танылды. Екіншіден, түрлі мемлекеттерде вакцинаға болжамды жағымсыз реакциялар туралы хабарламаларды мониторингтеудің әртүрлі жүйелері бар. Олардың барлығын мамандар мұқият тексереді. Бүгінгі күні вакциналардың өліммен аяқталған жағдайлармен немесе аса қауіпті аурулардың дамуымен байланысы барына дәлелдер табылған жоқ.
Қорыта айтқанда, ғалымдардың егу науқанын тоқтату туралы талабы туралы есептер манипуляция болып табылады. Бұл туралы олардың жұмысында айтылмаған. Медициналық ұйымдардың вакциналарға қарсы жанама әсерлердің пайда болу қаупін азайту жөнінде шаралар қабылдамағаны және қабылдағысы келмейтіні туралы айыптаулары негізсіз. Әртүрлі елдердегі уәкілетті ұйымдар вакцинаға жағымсыз реакциялар туралы барлық хабарламаларды мұқият қадағалайды және тиісті шаралар қолданады.