Жалған: «Маскалар COVID-19 таралуының алдын алуда тиімсіз»
Әлеуметтік желілерде Стэнфорд университеті жүргізген зерттеудің нәтижелері туралы ақпарат тарады, оған сәйкес маскалар COVID-19-дың таралуына қарсы тиімсіз, тіпті денсаулық пен өмірге қауіп төндіреді екен. Шын мәнінде, жалған және негізсіз мәлімдемелерден тұратын бұл «зерттеуге» Стэнфорд университетінің еш қатысы жоқ.
Бұл фейк ағылшын тілді сайттарда жарияланып, әлеуметтік желілерде тараған. Оның авторлары доктор Барух Вайншелбоймның медициналық гипотезасына тоқталады. Дәрігердің атымен шыққан жарияланымда «Кардиология бөлімі, Пало-Альто ардагерлер істері жөніндегі Денсаулық сақтау жүйесі, Стэнфорд университеті, Пало-Альто, Калифорния, АҚШ» деп жазылған.
Шын мәнінде, бұл жерде Стэнфорд университетінің атауын тақырыптарда қолдану мәлімдеменің маңыздылығын арттыру үшін жасалған манипуляция болып табылады. Барух Вайншелбойм университет оқытушысы емес және болмаған да. 2015 жылы ол ғалым ретінде шақырылған. Бұл туралы Politifact тілшілеріне университеттен хабарлады.
Стэнфорд университеті ешқашан Барух Вайншелбоймды жалдамаған. ( …) Бірнеше жыл бұрын (2015) оны Стэнфордқа осы мақалаға қатысы жоқ мәселелер бойынша шақырған, ол бір жыл бойы зерттеуші болып істеді», – деп түсіндірді университеттің медициналық мектебінің сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Джули Грейсиус Associated Press-ке жолдаған электронды хатында.
Пало-Альто денсаулық сақтау жүйесіндегі ардагерлер істері бойынша кардиология бөлімімен де байланысы расталған жоқ.
«Бұл адамның біздің дәрігер емес екенін айта аламын», – деп жазды жүйенің қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Майкл Хилл-Джексон. – «Мен оны біздің жүйеде көрмеймін және біздің кардиологтар тобы ол туралы ешқашан естімеген».
Енді зерттеуге тоқталайық. Ол алғаш рет 2020 жылдың қарашасында «қызықты теориялық мақалаларды жариялауға» бағытталған «Medical Hypotheses» журналында жарық көрген.
Мақалада айтылған зерттеу теориялық, онда COVID-19 пандемиясы кезінде алынған жаңа деректер келтірілмейді, сондай-ақ білікті сарапшыларға сілтеме жасалмайды. Техас A&M университетінің ғаламдық денсаулық сақтау ғылыми-зерттеу кешенінің бас виологы Бенджамин Нойман мақалаға қатысты пікірінде:
«Шынайы ғылыми зерттеуде жаңа тәжірибелер немесе тиісті деректерді тиісті дерекөзден талдау жүргізу керек. Бұл жасалмаған – мақалада айтылған барлық ғылыми зерттеулерде дәйексөздер дұрыс келтірілмеген немесе тәжірибелерден емес әңгімелерден алынған», – дейді. – Мақалада ешқандай жаңа мәліметтер алынбаған, жалпы, онда қандай да болмасын мәліметтерге талдау жасалмаған. Ғылыми мақаланың мазмұнын ашатын материалдар болмаса, бұл тиісті тәжірибесі немесе түсінігі жоқ адамның жеке пікірі ғана деп айтуға болады».
Барух Вайншелбоймның материалында әлем дәрігерлері талай рет жоққа шығарған теориялар бар.
Мысалы, маскалардың гипоксия тудыратыны туралы.
Ғалымдар маскалар COVID-19 сырқаттанушылық деңгейінің өсуіне кедергі келтіретінін дәлелдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бетперде тағу «инфекциямен күресудің және адамдардың өмірін сақтап қалудың негізгі шарасы» деп атады.