Фейк: «COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін адам тағы 60 күн бойы ауру жұқтыруы мүмкін»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар COVID-19 қарсы егілгендер жұқпалы болғандықтан 60 күн бойы карантинде болуы қажет деген болжамды талқылауда. Бұл пікірге полиомиелитке қарсы вакцинация кезінде балалардың қоғамнан дәл осы мерзімге оқшауланатындығы негіз болған. StopFake.kz бұл теорияның неге қате екенін анықтады.
Біріншіден, полиомиелит пен COVID-19 қарсы вакцинаны салыстыру дұрыс емес. Полиомиелитке қарсы вакциналардың екі түрі бар: ауызға тамызатын тірі әлсіреген вирустары бар (OPV) және инъекция арқылы егілетін белсенді емес (IPV) полиомиелитке қарсы вакцина. Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесіне сәйкес, Қазақстанда оның екі түрі де қолданылады.
Ауызға тамызатын полиомиелит вакцинасын қолданған кезде тірі әлсіреген вирустар асқазан-ішек жолына түсіп, түрін өзгертеді, вакцинациядан кейін 6 апта ішінде нәжіспен шығарылады. Бұл екпе жасатқан адамда да, екпе жасатпаған адамда да (иммун тапшылығы жағдайында) вакциноассоциацияланған полиомиелит (ВАП) тудыруы мүмкін. Сондықтан балабақшаларда және басқа ұжымдарда вакцинацияланған және вакцинацияланбаған балаларды 60 күн бөлек ұстайды.
COVID-19 қарсы вакциналар әртүрлі платформаларда әзірленеді, бірақ әлемде қолданылып жүрген препараттардың ішінде тірі әлсіреген вирус негізінде жасалған бірде-біреуі жоқ.
Қазақстанда қолданылып жатқан «Спутник-V» вакцинасының құрамында тірі вирус жоқ. Ол аденовирустық векторға негізделген екі векторлы вакцина болып табылады. Вектор – адамдарға қауіп төндірмейтін көбею генінен айырылған вирус. Оны коронавирус шыбықтарында кездесетін S ақуызын адам жасушасына тасымалдау үшін қолданады. Бұдан кейін адам жасушалары осы ақуыздарды өздігінен шығара бастайды және иммундық жүйе оларды бөтен деп таниды, антиденелер қалыптасады. Кейіннен бұл антиденелер адамды нақты вирустан қорғайды. Осылайша, вакцина дозасымен ағзаға ауру тудыруы мүмкін толық вирус енгізілмейді.
Профессор, медицина ғылымдарының докторы, «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры, ҚР ДСМ штаттан тыс инфекционисті Бақыт Көшеровада да осы жайтты растады.
«Спутник-V» – векторлық вакцина. Онда тұтас вирус емес, тек S-ақуызы ғана қолданылады, ол тұтас вирустың құрамында ауру мен асқынудың ауыр түрін тудырады. Бұл вирустың бір бөлігі ғана болғандықтан, ол ауру тудырмайды. Сондықтан вакцинацияланған адам вирус жұқтыру көзіне айналмайды. Бұл ақуыз ағзаға антиденелер қалыптастыру үшін енгізіледі. Екпе алған адам нақты вирус жұқтырғанда, оның ағзасы осы патогенге төтеп бере алады. Яғни, ол мүлдем ауырмайды немесе ауру ешқандай асқынуларсыз жеңіл түрде өтеді, – деді ол.
Вакцинацияланған адам індетті басқаларға жұқтыруы мүмкін, бірақ бұл вакцинаның әсерінен болмайды.
Вакцинолог-дәрігер Евгений Тимаковтың айтуынша, вакцина вирустың әсер ете алатын органға жетуіне жол бермейді. Алайда, препарат оны қоршаған ортадан шырышты қабықтарға түсуінен қорғамайды.
– Вакцинация кезінде шырышты қабықтардың жергілікті иммунитеті көтерілмеуі мүмкін, сондықтан коронавирус қалып, жұтқыншақта көбейе бастайды. Осылайша адам инфекция таратушы болады, – деді дәрігер Евгений Тимаков «Газета.Ru» басылымына берген сұхбатында.
Екпе жасата отырып, індетті басқаларға жұқтыру мүмкіндігін болдырмау үшін белгіленген санитарлық талаптарды сақтау қажет: маска тағу, қолды сабынмен жиі жуу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау. Вакцина алғаннан кейін қоғамнан оқшаулану қажет емес.
Қорыта айтқанда, полиомиелитке қарсы вакцина алғандар ауруды басқаларға жұқтыруы мүмкін дегеннің негізінде КВИ-ға қарсы вакцинацияланған адамдар ауру жұқтырады деп қалыптасқан пікір жаңсақ болып табылады. Бұл вакциналар әртүрлі платформаларда және әртүрлі технологиялармен жасалған. Олардың әрекет ету принциптері де өзгеше.