Фейк: «Түркістан облысында қауіпті жануар адамдарға шабуылдауда»
What’sApp мессенджерінде Түркістан облысында адамдарға шабуыл жасайтын аса қауіпті жануардың жүргені туралы хабар тарады. Оған аузы қан ит тәрізді аңның суреті тіркелген. Бұл фейк.
Түркістан облысының әкімдігі Сарыағаш, Жетісай және Шардара қалаларының маңында адамдардың жабайы аңның құрбаны болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
– Бұл фейк. Өңірлер бұл хабардың оларға қатысы жоқ екенін растады, – деп хабарлады ведомстводан.
Бұған дейін бұл жануардың суреті Үндістан, Пәкістан және Латын Америка елдерінде кеңінен таратылған болатын. Сондай-ақ, Желіде мал жегені үшін жануардың өлтірілгені туралы видео тараған.
Сырттай қарағанда фотода қоңыр гиена. Бұл жануарлар Оңтүстік Африка жағалауларында шөлді аймақтарда мекендейді және теңізге жақын жүреді. Қоңыр гиеналар жемтікпен және теңіз қалдықтарымен қоректенеді. Қазақстанда қоңыр гиеналар тіршілік етпейді.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтыратын ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз.