ДДСҰ Рокфеллер қоры құрған жеке ұйым емес
Желіде ДДСҰ – Рокфеллер қоры құрған және Билл Гейтс демеулік ететін жеке меншікті ұйым деген теория талқылануда. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, ДДСҰ-ның басты мақсаты адамдардың денсаулығына қамқорлық ету емес, демеушілер мен құрылтайшыларды байыту. Бұл олай емес.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – бүкіл әлемде жұмыс істейтін және халықтың осал топтарына баса назар аударатын коммерциялық емес ұйым. Оның басты мақсаты –тағы бір миллиард адамды медициналық қызметпен жаппай қамтуды қамтамасыз ету, тағы бір миллиард адамды денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардан қорғау және тағы бір миллиард адамның денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту.
ДДСҰ 1945 жылы БҰҰ Сан-Францискода халықаралық ұйымдар конференциясында қабылданған шешімімен құрылды. 1948 жылы ДДСҰ Жарғысы оны іске қосу үшін жеткілікті қол жинады. Бірінші Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ассамблеясы 1948 жылы жазда Женевада өткізіліп, безгек, туберкулез, жыныстық жолмен берілетін аурулар, ана мен бала денсаулығы, санитарлық техника және тамақтану сияқты ұйымның басымдықтары анықталды. 1948 жылы ұйымның бюджеті 5 миллион АҚШ долларын құрады.
Билл Гейтс ұйымды қаржыландыруға қатыспаған, өйткені ол 1955 жылы қазан айында туған.
Қазіргі кезде ДДСҰ қатысушы елдердің міндетті жарналары және мемлекеттер мен серіктестердің ерікті жарналары есебінен қаржыландырылады. Міндетті жарналар есебінен Ұйымның жиынтық бюджетінің 20%-дан аз бөлігі өтеледі. Қаржыландырудың қалған бөлігі негізінен ұйымға мүше мемлекеттер, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің басқа мекемелері, үкіметаралық ұйымдар, қайырымдылық қорлары, жеке сектор және басқалар ұсынатын ерікті жарналар түрінде түседі. 2018-2019 жылдары Билл және Мелинда Гейтс қоры ДДСҰ-ның ең ірі демеушілерінің ондығына кірді, бұл туралы ұйымның ресми сайтында айтылған. Сондай-ақ, ондықтың құрамында АҚШ, Біріккен Корольдік, Германия, Жапония, БҰҰ ГМҮБ, Еуропалық комиссия және т.б. бар.
2020 жылғы мәліметтер бойынша, Билл мен Мелинда Гейтс қорының қайырмалдықтары ДДСҰ-ның барлық бюджетінің шамамен 10% құрады. Бұл қаражаттың көп бөлігі полиомиелитпен күреске жұмсалды.
2020 жылы ДДСҰ қоры өз жұмысын бастады, оған кез келген адам қайырымдылық жасай алады. (https://www.who.foundation/en)
Жыл сайын ДДСҰ қаржы және бағдарламалық бюджеттерді жариялайды, бұл түскен қаражатты жұмсаудың ашықтығы мен тиімділігіне кепілдік береді.
ДДСҰ вакциналардан немесе басқа дәрі-дәрмектен пайда көрмейді.
Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – адам аурулары есебінен пайда табатын жеке меншікті фирма деген пікірлер негізсіз және фактілерге қайшы келеді.