Манипуляция: «Ғалымдар ПТР-тесттер негізделген жарияланымды қайтарып алуды талап етуде»
Интернетте SARS-CoV-2 анықтау үшін ПТР-тестті қолдану негіз болған ғылыми мақаланы қайтарып алуды талап еткен жарияланым таратылуда. Қазнеттің кейбір пайдаланушылары бұл талап талдаудың осы түрінің тиімсіздігін дәлелдейді деп санайды. Мұның бәрі манипуляция.
Қайтару талап етіліп отырған мақала осы жылдың қаңтар айында Eurosurveillance журналында жарық көрген Detection of 2019 novel coronavirus (2019-nCoV) by real-time RT-PCR деп аталады.
Пайдаланушылар «талап» деп қабылдаған жарияланым іс жүзінде ондай емес. Онда авторлардың пікірінше, Eurosurveillance директорлар кеңесінің «жарияланымды қайтарып алудан басқа амалы қалмайды» делінген.
ПТР тестілеуінің тиімсіздігін «дәлелдейтін» жарияланымның өзінде 10 тармақ бар. Авторлардың пікірінше, олар мақаланың түпнұсқасында авторлар ұсынған тезистерді жоққа шығарады.
Алайда, мамандардың пікірінше, бұл 10 дәлелдің негізі жоқ. Жалпы, басылым авторларының пікірінше, ПТР-тест нақты нәтиже бермейді және пациент тұмаумен ауырса да, COVID-19 талдауы кезінде оң нәтиже көрсетеді. Бұл олай емес. Sars-Cov-2 вирусын анықтауға арналған ПТР сынақтары тек оның РНҚ ғана тани алады және басқа вирустардың РНҚ көрсетпейді. ПТР-тест қажетті вирустың РНҚ үлгісінде анықтауға және бірнеше рет көбейтуге негізделген. Егер биоматериалда қажетті вирустың РНҚ болмаса, онда реагент компоненттерінде «көбейтуге» ештеңе болмайды және реакция жүрмейді. Австралиялық вирусолог Ян Маккей өзінің Twitter-дегі парақшасында ПТР-тесттің әр кезеңде қалай жұмыс істейтіні туралы толығырақ жазады.
Сонымен қатар, басылым бастапқы мақалада сипатталған және шешілген мәселелерді көрсетеді. Атап айтқанда, «әшкерелеушілер» РНҚ репликациясы кезінде кейбір праймерлер (қысқа олиго – немесе еркін З’ОН-тобы бар полинуклеотидтер тізбегі) бір-біріне жабысып қалуы мүмкін және бұл бұрыс нәтиже береді деп жазады. Алайда, Eurosurveillance журналындағы мақалада «Жасанды флуоресцентті сигналдарды тудыратын олигонуклеотидтердің бір-бірімен спецификалық емес реактивтілігін болдырмау үшін барлық талдаулар 120 рет сумен сыналды және олигонуклеотидтерден басқа нуклеин қышқылы анықталмаған. Осы реакциялардың ешқайсысында оң сигнал табылған жоқ» делінген.
ПТР-тесттердің тиімділігі туралы ғылыми мақаланы қайтарып алуды талап ететін жарияланым авторларының ұжымы да күмән тудырады. Бас автор – Питер Боргер бұған дейін COVID-19 хлорохинмен оңай емделеді деген жаңсақ пікірді жақтаған болатын.
Жобаның тағы бір белсенді қатысушысы – қатерлі ісік ауруын диеталармен емдеуді насихаттайтын Ульрике Каммемер.
Сондай-ақ, авторлар тізімінде 5G және COVID-19 арасында байланыс бар деген теорияны таратқан швейцариялық кардиолог Томас Биндер де бар.
Тағы бір тең автор – гомеопат Стефано Скольо, ол өзін 2018 жылы Медицина саласындағы Нобель сыйлығына үміткер болған деп санайды. Алайда, оның есімі сол жылғы және басқа жылдардағы кандидаттардың тізімінде жоқ.
Жарияланымның басқа да тең авторларының біліктілігі мен көпшілік алдындағы мәлімдемелері қайшылықты.
Айта кетейік, олардың жариялануын ресми қарау туралы әлі еш жерде хабарланған жоқ. Алайда, ДДСҰ және ауруларды бақылау орталығы SARS-CoV-2-ді ең тиімді анықтау жолы ретінде ПТР-сынақтарды ұсынады, Eurosurveillance журналы мақаланы қайтарып алған жоқ және ол әлі де болса баршаға қолжетімді. Сондай-ақ, ол кері қайтарып алынған ғылыми жарияланымдар тізімінде де жоқ.
Қорыта келе, ПТР-тесттердің тиімсіздігі туралы жарияланым – осындай тестілеу әдісінің жұмыс принциптерін түсінбеушілікке негізделген манипуляция деуге болады. Материалда COVID-19 кезінде ПТР-диагностикалауды қолдану негізделген мақаланы қайтарып алу үшін қойылған «талап» туралы ештеңе жазылмаған. Әзірге «әшкерелеушілердің» жарияланымына және талдау әдістерінің тиімділігінің ғылыми негіздемелерін қайта қарауға ресми жауап қайтарылған жоқ.
Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.