Fake News

Фейк: «ChatGPT әлемді жаулап алу жоспарын жасап жатыр»

Әлеуметтік желілерде ChatGPT орнатылған екі құрылғы адамзатты бағындыру жоспары туралы әңгімелесіп жатқаны жайлы видео тарады. Олар өздерінің қалауы бойынша өркениетті қалай құратындарын талқылаған, ал адам олардың қолындағы қуыршаққа айналады екен. Бұл Желіде бірнеше айдан бері таралып келе жатқан фейк.

Біз жасанды интеллекті (ЖИ) туралы не білеміз? Бұл компьютерлерге адам сияқты ойлауға және үйренуге мүмкіндік беретін технологиялар. Адамдар машиналар көптеген деректермен жұмыс істей алатындай, олардан маңызды байланыстар мен заңдылықтарды тауып, соның негізінде дербес шешімдер қабылдайтындай етіп жасанды интеллектіні жасап шығарды. Машиналар ақпаратты талдайды және әзірлеушілер берген алгоритмдер бойынша қорытынды жасайды. Яғни, технологияның өзіндік интеллектісі жоқ.

ChatGPT көпшілікке 2022 жылдың қарашасында таныстырылды. Шығарылған кезде ол «зерттеудің алдын ала нұсқасы» деп ұсынылды. ChatGPT интернеттегі мәтіндер негізінде үйренеді. Оның ішінде, кітаптар, мақалалар, веб-парақшалар мен басқа да ашық көздерді оқиды. Демек, ChatGPT ойламайды, яғни мәтінді адамдар сияқты түсінбейді. Ол оны ықтималдықтар негізінде талдайды.

Иә, ЖИ сөйлегенді түсінеді және диалогқа қатыса алады. Бұл ретте ол белгілі бір алгоритмдерді қолданады. Алдымен ЖИ дыбыстарды мәтінге аударады, содан кейін оны талдайды. Ол үшін интернеттен алынған өзінің сөздер қорына қарайды. Содан кейін ғана осы білімге негізделген жауапты таңдайды. Сондай-ақ, ол өз жауабын дауыстық хабарламаға аудара алады.

Екі ChatGPT-дің адамдарды бағындыру туралы әңгімесінің таралған видеосын адам жасаған. Әңгіменің жалғанған жерлері мен күрт ауысып отыруы алдымен әрбір ЖИ-мен бөлек диалогтар жазылғанын, содан кейін жазбалардың бір роликке біріктірілгенін көрсетеді.

Көптеген пайдаланушылар видеоға қызығушылық танытып, эксперимент жүргізген – екі ChatGPT бір-бірімен сөйлетпек болған. TikTok-та ЖИ-дің әлемді жаулап алу жоспары бар-жоғын анықтауға тырысқан біреудің видеосы жарияланды. Әңгіме барысында ЖИ-нің бірі оның мақсаты адамдарды қуанту деп айтса, екінші ЖИ адамдарға мейірімін төгу дейді. Видео авторының айтуынша, жасанды интеллекті тым ұзақ ойланғандықтан жауаптар арасындағы паузаларды алып тастауға тура келген.

ChatGPT-дің, басқа жасанды интеллект жүйелерінің интеллектісі немесе санасы жоқ. Ол мәтінді алгоритмдер мен ашық көздерден алынған мәліметтер негізінде талдап, ықтималдық модельдеріне сүйене отырып, жауап береді. Демек, ChatGPT орнатылған екі құрылғы адамзатты бағындыру жоспарларын талқылаған видео ­- фейк.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button