Fake News

Дәлелсіз: «Паразиттерге қарсы препараттармен қатерлі ісік ауруын емдеуге болады»

Танымал америкалық актер Мэл Гибсон адамның қатерлі ісігін паразиттерге қарсы препараттармен емдеуге болады деп санайды. Оның төртінші дәрежелі қатерлі ісікпен ауырған үш досы толық жазылған екен. Бұл туралы ол тележүргізуші Джо Роганның подкастында мәлімдеген. Бұл рас па, анықтайық.

Мэл Гибсон препараттардың атын атамайды. Джо Роган жорамалдап, ивермектин және фенбендазол деген дәрілерді атайды. Актер басын изейді.

Ивермектин – паразиттерге қарсы препарат. Оны жасаушылар 2015 жылы медицина бойынша Нобель сыйлығын алды. Адамдарда ивермектин қышыма, бит, аскаридоз және т. б. емдеу үшін қолданылады. Препарат ветеринарияда жиі пайдаланылады. Ивермектин асқазан-ішек жолдарына, тыныс алу жолдарына, конъюнктивалық қапшыққа және ірі қара, жылқы, шошқа, қойдың жұмсақ тіндеріне әсер ететін нематодтарға қарсы тиімді.

COVID-19 пандемиясы кезінде вакцинацияға қарсы адамдар оны екпеге балама деп санады. Белсенділер медицинадағы беделді тұлғалар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін елемейді немесе жасырады деді. Британдық BBC корпорациясының ақпаратына сәйкес, ивермектиннің COVID-19 емдеудегі тиімділігін тексерудің үштен бірінен астамында қателер мен алаяқтық белгілері анықталған. Қалған зерттеулерде де препараттың коронавирусқа қарсы тиімді екендігіне нақты дәлелдер келтірілмеді.

Ивермектиннен жүрек айну, құсу, бас айналу, бас және бұлшықет ауруы сияқты жанама әсерлер болуы ықтимал. Шамадан тыс қолданғанда адамда тыныс алу проблемалары, координацияның жоғалуы, құрысу, аяқ-қолдың ұюы болып, естен тануы мүмкін.

Сонымен қатар, қатерлі ісік зерттеушілердің кейбірі ивермектин басқа препараттармен бірге қолданғанда перспективалы болуы мүмкін деп санайды.

Калифорниядағы City of Hope Comprehensive Cancer Center иммуно-онкология бөлімінің басшысы Питер П. Ли сүт безі қатерлі ісігін емдеу үшін ивермектинді арнайы антиденелермен (анти-PD1) бірге қолдануды зерттеген. Оның нәтижесі оң болды. Эксперименттер тышқандарда жүргізілген.

«Әрине, ивермектиннің өзі дәрі де емес, сүт безі қатерлі ісігіне қарсы тиімді құрал да емес», – деді Ли Associated Press халықаралық ақпарат және жаңалықтар агенттігіне берген сұхбатында.

Зерттеушілер ивермектин мен балстилимабтың қосындысы сүт безі қатерлі ісігіне қалай әсер ететінін зерттемек болған. Ол үшін клиникалық сынаққа қатысушыларды қабылдауға өтінім берілді. Зерттеудің жүргізілген-жүргізілмегені белгісіз, оның нәтижелері жарияланған жоқ.

Фенбендазол – жануарларға арналған антигельминтикалық құрал. Бұл препарат адамдар үшін улы және әлемнің бірде-бір елінде қолдануға рұқсат етілмеген.

2024 жылдың мамырында фенбендазолды өздігінен қабылдау салдарынан дәріден бауырдың ауыр зақымдануын гистологиялық тұрғыдан растайтын зерттеу шықты. Тоқ ішек қатерлі ісігі бар 67 жастағы әйел ішек әлеуметтік желілерде оның қатерлі ісікке қарсы пайдасы туралы естігеннен кейін іше бастаған. Ем көмектеспеген, тек жағдайын нашарлатқан, соның ішінде бауырға теріс әсер еткен.

Бұрынғы зерттеулер фенбендазол егеуқұйрықтарда бауыр ісіктерінің пайда болуына ықпал етуі мүмкін екенін көрсеткен. Ол басқа антигельминтикалық препараттармен тәжірибелерде ісік стимуляторы ретінде қолданылған. Кейінгі зерттеулер фенбендазолдың өзі қатерлі ісік тудырмайтынын, бірақ қатерлі ісік тудыратын заттардан кейін берілсе, жануарларда ісік стимуляторы ретінде әрекет етуі ықтимал екенін анықтады.

2024 жылдың ақпанында жарияланған мақалада ғалымдар фенбендазолдың тышқандардағы сүт безі қатерлі ісігіне әсерін зерттегені туралы жазылған. Зерттеу барысында ғалымдар препараттың онкологияны емдеуде тиімді болуы мүмкін екенін растай алмады.

Мэл Гибсонның мәлімдемесінде паразиттерге қарсы препараттар онкологиялық ауруларды емдей алатынына ғылыми дәлелдер жоқ. Жануарларда жүргізілген зерттеулер ивермектин мен фенбендазолдың қатерлі ісікті емдеудегі тиімділігін растамады. Адамдарда мұндай сынақтар мүлдем өткізілмеген. Еш ғылыми негізі жоқ мәлімдемелер адамдарды шатастырады, қатерлі ісік ауруын емдеуде тек дәлелденген әдістерге ғана жүгіну керек екенін естен шығармаған жөн.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button