Дәлелсіз: «Туберкулезді диагностикалауға арналған тері сынағы адамдарға зиянды»
Қазнетте туберкулез инфекциясын диагностикалау үшін қолданылатын диаскинтест адам ағзасына зиян тигізетіні туралы ақпарат тарады. Бұл -аллергия, қабыну немесе иммундық жүйедегі ұзақ мерзімді бұзылулар сияқты жағымсыз реакциялар тудыруы ықтимал гендік-инженерлік өнім. Бұл рас па? Анықтайық.
Диаскинтесттің қауіптілігі туралы белгілі ресейлік вакцинацияға қарсы Галина Червонская айтады. Арнайы медициналық білімі болмаса да, ол мыңдаған ата-ананы балаларды вакцинациялаудан бас тартуға көндірген. Ол талай адамға ақылы дәрістер мен семинарлар өткізіп, ақшаға телефон арқылы кеңес берген. 2000 жылдардың басынан бастап оның танымалдығы біршама төмендеді, бірақ COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін оған деген қызығушылық қайта жанданды. Атап айтқанда, Червонская – кедей елдер үшін бедеулікке әкелетін вакциналар әдейі шығарылады деген мифті таратқан. Біздің сайт ресейлік вакцинацияға қарсы тұлғаның бұл негізсіз мәлімдемесін жоққа шығарды.
2020 жылы Червонская псевдоғылыми теориялардың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Құрметті ВРАЛ академигі» атағын алды.
Туберкулез – бактериялар тудыратын жұқпалы ауру. Негізінен өкпеге зақым келеді. Жөтел, түшкіру немесе ауру жұқтырған адамдар қақырық шығарғанда ауа-тамшы жолдары арқылы беріледі. Туберкулездің алдын алуға және емдеуге болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2023 жылы 10 миллионнан астам адам туберкулезбен ауырған. Ал 1,25 миллион адам бұл аурудан көз жұмған.
Диаскинтест – АТР-ның (туберкулезді рекомбинантты аллерген бар сынақ) тіркелген атауы. Манту сынамасы сияқты, ол адам ағзасында туберкулез микобактериялары бар-жоғын анықтау үшін қолданылады. Препаратты И. М. Сеченов атындағы Мәскеу медицина академиясының Молекулярлық медицина ҒЗИ ресей ғалымдары әзірледі.
Оның манту үлгісінен айырмашылығы, диаскинтест 100% дерлік сезімтал әрі спецификалық. Бұл Манту сынамасын жүргізу кезінде 40-60% жағдайда байқалуы мүмкін жалған оң нәтижелердің болу ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді.
Диаскинтест құрамында туберкулез тудыратын микобактерияларға ғана тән екі антиген бар. Бұл антигендер БЦЖ вакцина штаммында жоқ.
Препарат ересектер мен балалардың ауқымды контингентінде барлық қажетті клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан өтіп, өзінің толық қауіпсіздігін дәлелдеді.
Кез-келген медициналық құрал сияқты, диаскинтест кейбір адамдарда жеке реакциялар, соның ішінде терінің тітіркенуін тудыруы мүмкін. Бұл иммундық жүйенің қалыпты реакциясы. Сондай-ақ, әлсіздік, бас ауруы және безгек сияқты жанама әсерлер болуы ықтимал. Бірақ олар қысқа мерзімді және өздігінен өтеді.
Қазақстанда диаскинтест 2014 жылдан бастап Туберкулезді иммунодиагностикалау үшін манту сынамасымен қатар қолданылады.
Диаскинтесттің зияны туралы мәлімдемелер негізсіз және дәлелсіз. Керісінше, бұл диагностикалық әдіс тиімділігі жоғары және қауіпсіз екенін дәлелдеді, оны көптеген клиникалық зерттеулер растайды.