Дәлелсіз: «Дәрі-дәрмектер емдемейді, тек аурудың белгілерін ғана жояды»
Instagram қолданушылары америкалық биохимик Шейн Эллисонның дәрі-дәрмектер емдеу үшін емес, симптомдарды жою үшін ғана жасалатыны туралы мәлімдемесін қызу талқылауда. Бұл туралы фармацевтикалық компаниялардың өздері айтады екен. Бұл рас па, анықтайық.
Шейн Эллисон баламалы медицинаны, биологиялық белсенді қоспаларды насихаттауды жақтайды және дәстүрлі емдеу әдістеріне қарсы. Ол өзін «халықтық химик» және «табиғи емші» деп атайды. Ол фармацевтикалық компаниялардың сынын және өзі жасайтын дәрі-дәрмектерді насихаттауды өз өміріндегі басты іс деп санайды.
«Он жылдан астам уақыт бойы мен отбасыларды медициналық озбырлықтан, сондай-ақ сапасыз дәрумендер мен қоспалардан сақтау үшін фармацевтердің алдауы мен үкіметтің жасырғанын әшкерелеп жүрмін», – дейді ол.
Алайда оның фармацевтикалық компанияларға таққан айыптары дәлелденбейді және ғылыми тұрғыдан расталмайды. Оның барлық мәлімдемелеріне нақты дәлелдер жоқ.
Эллисон өз сайтында дәрумендер немесе гомеопатиялық заттар емес, бірегей препараттар деп өзі жасаған дәрілерді сатады. Алайда, бұл өнімдердің ешқайсысын беделді ғылыми немесе медициналық ұйым тексермеген.
Ол сондай-ақ вакцинацияға қарсы тұлға ретінде белгілі. Оның төрт баласы бар және олардың ешқайсысы екпе алмаған.
Сонымен қатар америкалық биохимик дәрі-дәрмексіз жүруге болатынын үйрететін кітаптар жазады. Оның пікірінше, шөптер мен биологиялық белсенді қоспалар барлық ауруларды емдейді. Алайда оның бірде-бір кітабына медициналық білімі бар мамандар рецензия жазбаған.
Украиналық фактчекер StopFake атақты дәрігерлерден Эллисонның сөзіне түсініктеме беруін сұраған. Белгілі иммунолог дәрігер, балалар жұқпалы аурулары жөніндегі еуропалық қоғамның (espid) мүшесі Федор Лапия өз пікірімен бөлісті. Ол көптеген дәрі-дәрмектер симптомдарды жеңілдетіп қана қоймай, олардың себептеріне әсер ету арқылы ауруларды емдейтінін түсіндірді. Мысалы, пневмонияға немесе менингитке қарсы антибиотиктер инфекцияны тоқтатып, бактерияларды жояды.
Аллергия кезінде ісінуді басатын дәрілер тұншығудың алдын алу арқылы өмірді сақтап қала алады. Балаларда жоғары температура болған жағдайда стероидты емес қабынуға қарсы препараттар безгекті басып қана қоймайды, сонымен қатар өмірге қатер төндіретін қауіпті құрысулардың алдын алады.
Демек, Шейн Эллисонның дәрі-дәрмектер тек симптомдарды ғана жояды деген пікірі дұрыс емес. Шындығында, дәрі-дәрмектер пациенттің жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, оның себебіне әсер ету арқылы ауруды емдеп, өмірін сақтап қалады. Эллисон фармацевтикалық компанияларды сынға ала отырып, ғылыми дәлелдерсіз өзінің жеке әзірлемелерін ұсынады, бұл оның мәлімдемелерінің дұрыстығына күмән келтіреді.