Қара бұрыш COVID-19-дан қорғамайды
Желіде қара бұрыш коронавирустық инфекцияны жұқтырудан қорғайды және оны тиімді алдын алу шарасы ретінде қолдануға болады деген ақпарат кеңінен таратылуда. Пайдаланушылардың сөзіне сенсек, мұндай жаңалықты Үнді технологиялық институтының ғалымдары ашқан.
Бірақ әлемдік ғылыми қауымдастық Үнді мамандарының тұжырымдарын қолдаған жоқ. ДДСҰ сайтында қара бұрыш SARS-CoV-2 вирусы жасушаларын тоқтата алады деген мәлімдеме ресми жоққа шығарылды.
«Әрине, тағамға қосқанда ащы бұрыш гастрономиялық артықшылықтарға ие, бірақ COVID-19-дың алдын алмайды және емдемейді», – делінген ДДСҰ ресми интернет-платформасында.
ДДСҰ сарапшылары КВИ кезінде ғана емес, сонымен қатар басқа да вирустық аурулардың алдын алудың ең жақсы шаралары теңдестірілген тамақтану, көп су ішу, физикалық белсенділік және дұрыс ұйқы болып табылатынын ескертеді.
COVID-19 пандемиясы кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска тағу, жиі қол жуу және санитайзерлерді қолдану ұсынылады. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға тырысу керек. Созылмалы аурулары бар және 65 жастан асқан адамдарға қажетсіз үйден шықпауға кеңес беріледі.