ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алаяқтар туралы ескертеді
Антикор танымал мессенджерлерде пайда болған агенттік басшылығы мен қызметкерлерінің жалған аккаунттары туралы хабарлады. Алаяқтар қазақстандықтарға ведомствоның белгісі бар файлдарды жібереді.
Тиісті ақпарат Антикордың Telegram-дағы ресми парақшасында жарияланды.
«Антикор мессенджерлер (WhatsApp, Telegram және басқа да байланыс арналары) арқылы жалған аккаунттар құратын және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы мен орган қызметкерлерінің атынан қоңырау шалуды жүзеге асыратын, сондай-ақ жалған ақпарат жіберетін жеке тұлғалар тарапынан алаяқтық әрекеттер туралы азаматтарды ескертеді.
Алаяқтар Антикор символикасы бар арнайы жасалған құжаттардың файлдарын жібереді.
Жалған ақпараттық таратуларға сенбеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, сондай-ақ қолма-қол ақша аудармауды сұраймыз.
Аталған хабарламаларды алған жағдайда, осы фактілер туралы Құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұраймыз», – делінген хабарламада.