Интернетте блогерлерден бастап президенттерге дейін танымал тұлғалар инвестициялық платформаларды жарнамалаған бейнелер мен мақалаларды көреміз. Кейде мұндай ақша салуға шақыратын үндеулер өте сенімді болады және күмән тудырмайды. Мұндай жарнаманы қалай тексереді және оған сенуге бола ма, айтып берейік.
ҚР Президенті қазақстандықтарды мінберден инвестиция салуға шақырған роликтерді көргенде, сақ болу керек. Мемлекет басшысы да, басқа саясаткерлер де ешнәрсені жарнамалап, азаматтарға ақшаларын қалай жұмсауға болатыны туралы кеңес бермейді. Күмәніңіз қалмас үшін, ондай видеолардың қалай жасалатынын талдайық.
- Жасанды интеллект
Жарнамада әйгілі адамдардың келбетін пайдалану үшін алаяқтар жасанды интеллектті қолданады. Мысалы, 2023 жылдың қазан айында Қазнетте кеңінен таралған Қасым-Жомарт Тоқаевтың видеосы. Іс жүзінде ҚР Президенті ештеңе жарнамаламаған және инвестиция салуға шақырған жоқ.
Контекстен үзіп алынған кадрлар топтамасы
Алаяқтар бақытты «инвесторларды» көрсетпек болғанда, роликтер жасаудың осы әдісіне жиі жүгінеді. Мысалы, 2023 жылдың ақпанында алаяқтар ақша табуға болатын қосымшаны жарнамалады. Олар жеті мың доллардан астам табыс тапқан пайдаланушыны көрсетеді. Іс жүзінде кадрларда лотерея ұтып алған қазақстандық болған, ол туралы сюжет жаңалықтарда шыққан. Көрсетілген адамның да, ол туралы жаңалықтар сюжетінің де алаяқтық қосымшаға ешқандай қатысы жоқ.
- Дыбыстың үстінен дыбыс жазу
Алаяқтар атақты адамның нақты сұхбатына өздеріне қажет сөздерді қоя алады. Мысалы, қылмыскерлер Алматыдағы трагедия туралы жаңалықтар сюжетін пайдаланған. Олар дыбыстың үстінен әйгілі блогер жасаған ақша табуға арналған платформа туралы сөздерді жазады. Бейненің соңғы нұсқасында сюжет кейіпкерлері оқиғадан естеліктермен бөлісіп жатқан жоқ, керісінше платформаны жарнамалап жатқандай болып шыққан.
- Мәтіндік сұхбат
Белгілі саясаткерлер немесе жұлдыздар өздерінің табыс көздерін жасырғаны туралы атышулы тақырыптар қойылған мақалалар да желіде аз емес. Әдетте, мұндай мәтіндерде бұл адам белгілі бір платформаға инвестиция салып, ақша тапқаны айтылады, енді кез келген адам дәл осылай жасай алады. Мысалы, жыл бойы Қазнетте ҚР қаржы министрінің бастан-аяқ ойдан шығарылған «сұхбаты» шығып тұрды.
Атақты адам түскен жарнаманы тексерудің үш негізгі әдісі бар.
Бірінші әдіс видеодан жасанды интеллект жұмысының белгілерін тануға мүмкіндік береді. Өзіңізді қызықтырған роликті deepfakedetector.ai немесе сол сияқты кез келген басқа платформасына салып, «тану» түймесін басыңыз. Жүйе видеоны адам немесе компьютер жасағанын айтады.
Екінші әдіс, алаяқтар нақты видеоның дыбысын үстінен дыбыстаған болса, түпнұсқа роликті табуға көмектеседі. Ол үшін бірнеше скриншот жасап, оларды Google суреттері, Яндекс суреттері, Bing немесе т.б. суретті іздеу жүйесіне жүктеу керек.
Үшінші әдіс ең әмбебап және видео, сурет немесе мәтін болсын, кез келген жарнамаға жарайды. Іздеу жүйесінде жарнамадағы адамның атын, «+» белгісін және айтылып отырған инвестициялық платформаның немесе қосымшаның атауын теру қажет. Сондай-ақ, «фейк» сөзін де жазуға болады.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, инвестициялық бағдарламалар жарнамасындағы танымал тұлғалар алаяқтардың «шығармашылығының» жемісі деуге болады. Мұндай роликтерге сенбеңіздер, алайда, күмәніңіз болса, ондай үндеулерді қайта тексерген жөн.