ҚР ІІМ жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді
WhatsApp мессенджерінде тараған хабарламада өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстыратын алаяқтар туралы айтылған. Қолдарына ІІМ символикасы бар бланкілер ұстаған олар үйлерді аралап, алдағы халық санағы қарсаңында қазақстандықтардың жеке куәліктерін тексереді. Ал шын мәнінде тонаумен айналысады екен.
ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
«Таралған хабарламада көрсетілген алаяқтық фактілері республика аумағында тіркелген жоқ.
ІІМ азаматтардың жеке куәліктерін тексеру, суретке түсіру және саусақ іздерін алу мақсатында үйлерді араламайды.
ҚР ҚК 274-бабына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз.
Азаматтарды сақ болуға және бөгде адамдарға жеке деректер туралы ақпарат бермеуге шақырамыз», – делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.