Жалған: «Адам папиллома вирусына қарсы вакциналар бедеулікке әкеледі»
Instagram мессенджерінде Қазақстан үкіметі адам папиллома вирусына қарсы вакцина сатып алуға қаражат бөлгені туралы ақпарат қызу талқылануда. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұл екпе бедеулікке әкелетіндіктен қажетсіз деп санайды. Бұл өтірік.
ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов АПВ-ға қарсы вакцина сатып алуға қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы 2024 жылғы 23 мамырда ресми түрде хабарланды. Бөлінген қаржыға 351 мыңнан астам доза вакцина сатып алынбақ.
АПВ – бұл негізінен жыныстық қатынас арқылы берілетін вирустар тобы. Оның 200-ден астам түрі бар. Адам папиллома вирусы жатыр мойны, жатыр мойны обырын, вульва мен қынаптың, көмей мен ауыз қуысының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.
Дүние жүзінде АПВ тудыратын жатыр мойны обыры әйелдер арасында кең таралған қатерлі ісіктер арасында төртінші орында тұр. Жылына 660 мыңға жуық әйелге осындай диагноз қойылса, бұл онкологиялық аурудан 300 мың адам қайтыс болады.
Қазақстанда әйелдердегі барлық онкологиялық патологиялардың ішінде жатыр мойны обыры екінші орында тұр. Бірінші орында – сүт безі қатерлі ісігі. Жатыр мойны обыры ауруының шарықтау шегі 40-44 жас. Жыл сайын қазақстандық медицина қызметкерлері шамамен 1800 жатыр мойны обыры жағдайын тіркейді, бұл аурудан көз жұмғандар саны 600-ге жуық.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс онкологы, «ҚазҒЗИ онкология және радиология» АҚ Басқарма төрағасы, профессор Диляра Қайдарованың айтуынша, жатыр мойны обыры – алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру.
АПВ-мен және оған байланысты қатерлі ісік ауруларының дамуымен күресудің жалғыз жолы – вакцинация. Екпе иммундық жүйені АПВ-ның кейбір штамдары туралы ескертеді. Демек, адам ауру жұқтырса, ағза вирусты жеңе алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, Қазақстан Республикасындағы ұлттық егу күнтізбесі бойынша 11 жастағы қыздар (6 ай аралықпен екі рет) АПВ-ға қарсы егілетін болады. Бұл ретте 4 валентті вакцина қолданылады. Ол адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайды.
Қазіргі уақытта АПВ вакциналарына мониторинг жүргізілуде. Бүгінде 160-тан астам зерттеу екпенің қауіпсіз екенін дәлелдеді. Кез келген дәріде болатындай АПВ вакцинасының да жанама әсерлері бар. Оның ішінде қолдың екпе салынған орнының ісінуі, бұлшықет және бас ауруы, температура. Бірақ бұл өте сирек болады.
АПВ вакцинасы инфертильділік тудырады деген миф бұрыннан бар. Оны ДДҰ-ның Вакциналар қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитеті (GAVCS) мен фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарған. 2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Апта сайынғы эпидемиологиялық бюллетеньде осы тақырыпқа арналған үлкен материал жариялады. Көптеген ғылыми зерттеулер АПВ қарсы егу мен бедеулік арасындағы байланысты таппады
Қастандық теорияларын жақтаушылар ондаған жылдар бойы кез келген вакцинация әйелдерде бедеулікке әкеледі деп санап келеді. Оның ішінде COVID-19 қарсы вакцина да бар. Шындығында вакцинация инфертильділік тудырмайды, ол вирустармен күресуге көмектеседі. Демек, әлеуметтік желілерде таралған адам папиллома вирусына қарсы вакцина туралы ақпарат фейк.