Кәсіби алаяқтар: 2024 жылы алаяқтықтың қандай түрлері көп болады
«Анашым, мен бір кісіні басып кеттім, ақша жіберші» немесе «Сіздің атыңызға біреулер несие рәсімдемек» деп қоңырау шалу алаяқтық екендігі туралы қазақстандықтар талай рет ескертілді. Дегенмен, қаскүнемдер алдаудың жаңа схемаларын ойлап табуда. Бұл жолы 2023 жылдың соңында және 2024 жылдың басында пайда болған алаяқтық түрлерін талдаймыз.
Бейнеқоңыраулар
Өткен жылдың соңында қазақстандықтар құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен келіп түскен бейнеқоңыраулар туралы хабарлай бастады. Нәтижесінде қоңырау шалғандар алаяқ болып шықты.
Бұл қалай жұмыс істейді
Адамға бейнеқоңырау соғылады. Хабарласқан адам «құқық қорғау органдарының қызметкері» немесе «банк қызметкері» болады. Екеуі де сымбатты болып көрінеді. «Құқық қорғаушылар» формада және ҚР Мемлекеттік рәміздері бар үстел басында отырады. «Банкирлер» дресс-кодқа сәйкес киінген және қоңырау шалған банктің логотиптері көрсетіледі. Екеуі де адамдарға шоттарында белсенділік байқалатынын, бұл күмәнді болғандықтан қаражатты қорғап, алаяқтарды құрықтауды ұсынады. Бір қызығы, жалған полиция қызметкері қоңырау шалғанда, тергеумен ынтымақтастықтан бас тартқаны үшін әңгімелесушіні жазаға тартамын деп қорқытуы мүмкін. Әңгіме барысында жалған банкирлер мен полицейлер адамдарды алдап, оның төлем карталарының деректерін біліп алады немесе әңгімелесушілердің ақшасын иемденеді.
Қалай тануға болады
– Белгісіз нөмірлерден келіп түскен бейне қоңырауларға жауап бермеңіз. Шаруамен хабарласқан адам әдеттегідей, дауыстық сөйлесу форматын қолданар еді.
– Егер қоңырауға жауап берсеңіз, қоңырау шалушының атын, тегін және лауазымын нақтылап, телефон тұтқасын қойыңыз. Желіден қоңырау шалған ведомствоның немесе компанияның байланыс ақпаратын іздеп көріңіз. Оларға хабарласып, қоңырау соққан адамның олардың қызметкері және шоттарыңызға қауіп төніп тұрғаны рас па екенін тексеріңіз.
– Не болса да, кім болса да, онлайн-банкингтердің логиндері мен парольдерін, СМС-кодтарды, банк карталарының CVC және CVV кодтарын айтуға болмайды. Сондай-ақ, бөгде адамдарға телефонды немесе компьютерді қашықтан қол жеткізу бағдарламалары арқылы басқаруға рұқсат етпеңіз. Егер Сізден жоғарыда айтылғандарды сұраса, әңгімені дереу тоқтатыңыз.
Жасанды интеллект
Жасанды интеллектіні дамыту саласындағы инновациялар алаяқтарды да айналып өткен жоқ. Олар адамдарды алдап, тонау үшін заманауи технологияны қолданады.
Бұл қалай жұмыс істейді
Алаяқтар ықтимал құрбандарын алдын ала зерттейді. Әлеуметтік желілердің көмегімен оның достары мен жақындарын табады. Олар туралы барлық қол жетімді ақпаратты жинап, белгісіз нөмірлерден қоңырау шалады. Мұндай қоңыраулардың мақсаты – дауыс үлгісін алу. Кейбір жағдайларда бұл үшін 30 секунд уақыт жеткілікті. Алаяқтар жасанды интеллектінің осы үлгісі мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, адамның дауысы мен сөйлеу мәнерінің дәл көшірмесін жасайды. Содан кейін олар тонамақ болған адамға қоңырау шалып, танысының атынан қарыз сұрайды немесе оған қауіп төніп тұр деп «ескертеді». 2023 жылдың жазында Флоридадағы (АҚШ) ірі банктердің біріне келіп түскен қоңырау осындай алаяқтыққа жақсы мысал бола алады. Хабарласқандар жасанды интеллектінің көмегімен ірі салымшының дауысымен қызметкерлерден қомақты қаражатты үшінші тараптың шотына аударуды сұраған. Бірақ банктің қауіпсіздік қызметі бұл алдау әрекеті екенін уақытында анықтады.
Қалай тануға болады
Алаяқтар дауысты ғана емес, телефон нөмірлерін де қолдан жасай алатынын естен шығармаған жөн. Сондықтан, егер жақын адамыңыз қоңырау шалып, шұғыл түрде қарызға қомақты ақша сұрап, оны бір жерге аударуды өтінсе, асықпаңыз. Алдымен телефонды қойып, қаржылық көмек сұраған адамға қайта қоңырау шалыңыз. Бұл ретте қоңырау шалған нөмірді термей, ол адамның телефон кітапшасында жазылған нөміріне хабарласыңыз. Егер ол жауап беріп, қиындыққа тап болғанын растаса, алаяқтарға алданып қалмайтыныңыз түсінікті болады. Ал егер жақын адамыңыз қоңырау шалған жоқпын, ақша сұраған жоқпын десе, онда біреулер сізді жасанды интеллектіні пайдалана отырып, тонамақ болған, ал сіз алдағанға көнбедіңіз.
Жұмыс туралы ұсыныстар
Алаяқтар құрбандарынан ақша сұрамайтын да жағдайлар болады. Кейде олар, керісінше, табыс табуды ұсынады.
Бұл қалай жұмыс істейді
Қаскүнемдер әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде жұмыс туралы хабарландырулар таратады. Әдетте, бұл арнайы дағдыларды қажет етпейтін онлайн форматта орындалатын жай жұмыс болады. Мұндай жұмыс үшін қомақты қаржы төленеді дейді. Алаяқтықтың бұл түріне 2023 жылдың желтоқсанында Қазнетте тараған қонақүйлерді онлайн бағалау үшін төлем жасау туралы хабарландыруды мысал ретінде келтіруге болады. Шын мәнінде, жалған жұмыс берушілер өтініш берушілерден «кепіл», «тексеру» немесе «жұмыс істеу ниетін растау» үшін нақты шотқа белгілі бір соманы жіберуді сұрайды. Жәбірленуші ақша жібергеннен кейін, «жұмыс берушілер» жоғалып кетеді, ал жұмыс іздеуші алданып қалады.
Қалай тануға болады
Біріншіден, ірі компаниядағы жұмыс туралы хабарландыру оның ресми ресурстарында емес, үшінші тараптың парақшаларында немесе мессенджерлерде орналастырылса, сақ болу керек.
Екіншіден, жалақының белгіленген қызмет түріне және жұмыс көлеміне сәйкестігіне назар аударған жөн. Егер хабарландыруда жай жұмыс үшін қомақты ақша ұсынылса, бұл өтірік.
Үшіншіден, бірде-бір жұмыс беруші жаңадан жалданған адамдардан үшінші тарап шоттарына қандай да бір сома аударуды сұрамайды. Егер сізге осындай шарт қойса, келіспеңіз және келіссөздерді тоқтатыңыз! Олар сізді алдамақ.
Жалған QR-кодтар
QR–кодтар – бұл оңай әрі ыңғайлы. Олардың көмегімен төлем жасауға, қайырымдылыққа ақша беруге, қажет ақпаратты алуға болады және т.б. Алайда, алаяқтар оларды өз мақсаты үшін пайдалануы мүмкін.
Бұл қалай жұмыс істейді
Заманауи технологияларды қолдана отырып, QR-кодты қолдану өте оңай. Мұндай кодты кез келген жерге, соның ішінде алаяқтық ресурстарға да енгізуге болады. Қылмыскерлер қаладағы QR-кодтарды есірткі сатушылардың платформаларына апаратын кодтармен ауыстырған жағдайлар болған. Сондай-ақ, алаяқтар онлайн-сатып алу кезінде төлем жасауға арналған кодтарды жібереді, ал оны сканерлегенде жәбірленуші ақшаны тікелей соларға аударады.
Қалай тануға болады
Егер QR-кодтар тексерілмеген көзден: әлеуметтік желілерден немесе мессенджерлерден келіп түссе, оны елемеген дұрыс.
Төлем жасауға арналған кодтарды смартфон камерасын емес, банк қосымшасын пайдалана отырып, сканерлеңіз. Егер код жалған болып, алаяқтық ресурсқа апарса, қосымша оны оқымайды және қауіпті жояды.
Алаяқтардың қулықтары қандай болса да, оларға тән ортақ белгілер бар: тез және оңай табыс табуды ұсыну, ақша аудару туралы шешім қабылдауға асықтыру, тиісті құжаттаманың және қаржылық ашықтықтың болмауы. Мұны естен шығармаңыз және сақ болыңыз!