Жалған: «Гейтс шаққанда етке аллергия тудыратын генетикалық түрлендірілген кенелер шығарды»
Әлеуметтік желілерде Билл Гейтс қаржыландыратын гендік-модификацияланған кенелерді шығару жөніндегі жаңа зерттеулер талқылануда. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, мұндай кене шақса, адамдарда қызыл етке аллергия пайда болады. Бұл АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) баспасөз хабарламасымен расталады екен, оған сәйкес 450 000 америкалықта кене шаққаннан кейін «альфа-гал синдромы» салдарынан етке аллергия анықталған. Бұл мәлімдеме жалған.
Генетикалық түрлендірілген кенелердің етке аллергияның пайда болуына және альфа-гал синдромына еш қатысы жоқ. Төменде осы жәндіктер мен ауру туралы толығырақ айтып береміз.
2021 жылы Билл және Мелинда Гейтс қоры кенелерге қарсы зерттеулерді қаржыландыру туралы жариялады. Жұмыс барысында жәндіктердің белгілі бір түрі зерттеледі – азиялық көк кене немесе Rhipicephalus microplus.
Бұл кене жұқпалы аурулар таратады және ірі қара мен басқа жануарлардың, соның ішінде буйволдың, ешкінің және жылқының қанымен қоректенеді. Жануарлардың өлім-жітімі едәуір артатындықтан, жәндіктер экономикаға айтарлықтай зиян келтіреді. Қазіргі уақытта көк кене Азияда ғана емес, Африкада, сондай-ақ Оңтүстік және Орталық Америкада бар.
Оның үстіне кенелер пестицидтерге, олармен күресу үшін қолданылатын акарицидтер мен пиретоидтарға төзімді болады.
Гейтс қоры қаржыландыратын зерттеу Oxitec биотехнологиясының көмегімен аталық кенелерді генетикалық модификациялауға, атап айтқанда, өзін-өзі шектейтін генді енгізуге бағытталған. Осылайша, көк кененің популяциясы табиғи түрде азайтылмақ. Яғни, түрлендірілген кенелердің жаңа ұрпағы есеймейді.
Бұған дейін Oxitec технологиясы Бразилияда жапырақ құртына және Оңтүстік Америка мен Африкада безгек пен Зика ауруын тасымалдайтын масаларға қарсы күресте сәтті қолданылған.
Бірақ модификациялаған болсын-болмасын, көк кененің етке аллергияға қатысы жоқ.
Табиғатта қызыл етке аллергия тудыруы ықтимал жәндік бар – бұл «жалғыз жұлдыз» кенесі немесе Amblyomma americanum.
«Жалғыз жұлдыз» кенесі көк кенелердің түрінен айтарлықтай ерекшеленеді. Біріншіден, сыртқы түрімен – Amblyomma americanum аналықтарының артқы жағында үлкен ақ дақ болады. Екіншіден, бұл түрлердің тіршілік ету ортасы әртүрлі. «Жалғыз жұлдыз» кенесі АҚШ-тың шығыс жағалауында ғана таралған.
Бұл жәндіктер кене бөртпесі, эрлихиоз, туляремия, Хартланд вирусы және Бурбон сияқты көптеген ауруларды тасымалдайды.Бір ерекшелігі – олар шаққанда қызыл етке аллергия – альфа-гал синдромын тудыруы ықтимал.
Олар шаққанда ағзаға галактоза-альфа-1,3-галактоза молекуласы немесе альфа-гал енеді. Осы молекула (альфа-гал) барлық дерлік сүтқоректілерде, яғни, қызыл етте болады. Алайда, адам ағзасында жоқ, бірақ IgE (Е класындағы иммуноглобулин) антиденелері бар.
Ет жеген кезде иммундық жүйе альфа-галға еш әсер етпейді. «Жалғыз жұлдыз» кенесі шаққаннан кейін ағзада молекулаға аллергиялық реакция басталып, барлық альфа галмен, соның ішінде етке аллергиямен күресу үшін антиденелер қалыптастыратын В лимфоциттерінің жасушалары пайда болады. Осыдан соң адам қызыл етті жей алмайды немесе оған аллергия пайда болады.
Сондай-ақ таралған хабарламада АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) баспасөз хабарламасы етке аллергияның көбейгенін растайды делінген. Бұл шын. 2010 жылдан 2022 жылға дейін альфа-гал синдромына күдік келтірілген 110 000-нан астам жағдай анықталған, ал анықталмаған жағдайлар әлдеқайда көп, нақтырақ айтқанда 450 000 деп болжануда.
Дегенмен, баспасөз хабарламасының көк кенелерге немесе Гейтстің түрлендірілген жәндіктеріне қатысы жоқ. Онда «жалғыз жұлдыз» кенесі шаққаннан кейін пайда болатын альфа-гал синдромы сипатталған. Гейтс қаржыландыратын зерттеулер тек 2021 жылы ғана басталған. Ал баспасөз хабарламасында ғылыми жұмыстар басталғанға дейінгі уақыт кезеңі қарастырылған.
Демек, әлеуметтік желілерде тараған ақпарат жалған. Генетикалық модификацияланған кенелердің етке аллергияға қатысы жоқ және адам ағзасына зиян тигізбейді. Альфа-гал синдромын генетикалық өзгеріске ұшырамаған «жалғыз жұлдыз» кенелері тудырады.