Fake News

Дәлелсіз: «Вакцинацияланған жүргізушілерде көлікпен келе жатқанда жүрек ұстамасы болады»

Әлеуметтік желі қолданушылары 2023 жылдың басынан бері әлемде мектеп автобусының вакцинацияланған жүргізушілері көлік жүргізіп келе жатып қайтыс болған бірнеше жағдай тіркелген деп жазды. Бұл рас па? Тексерейік.

Хабарламада балаларды тасымалдайтын автобус жүргізушілері өздерін кенеттен нашар сезінген 9 жағдай сипатталған. Олардың әрқайсысына қысқаша тоқталайық.
2023 жылғы 26 сәуірде Мичиган штатында мектеп автобусының жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып, өзін жайсыз сезінген. Оған жетінші сынып оқушысы көмектескен. Ол рульді ұстап, көлікті тоқтатып, көмекке шақырған. Бұл ретте жаңалықтарда жүргізушіге нақты не болғаны, оның егілгендігі және анамнезінде ұстаманы қоздыратын қандай да бір аурулар болғандығы туралы айтылмайды.
2023 жылғы 30 наурызда Португалияның Сертаозиньо қаласында 51 жастағы жүргізуші мектеп автобусын жүргізіп келе жатып көз жұмған. Оның жүрегі тоқтап қалған. Оқушылар автобусты жолдың жиегіне тоқтатып, көмекке шақырған, бірақ олар жүргізушіні құтқара алмады. Айта кетейік, ақпаратта жүргізушінің қандай да бір аурумен ауырғаны немесе COVID-19-ға қарсы егілгені туралы айтылмаған.
2023 жылы 25 сәуірде Калифорнияда мектеп автобусы ағашқа соғылған. Бұл кезде көлікте бір оқушы мен бір мұғалім болған. Оқиға салдарынан олар зардап шеккен жоқ. Жарияланымда жүргізушіге шұғыл көмек қажет болды, бірақ апатқа дейін бе, әлде оқиғадан кйеін бе, белгісіз. Жүргізушінің вакцинациялану мәртебесі де көрсетілмеген.
2023 жылғы 6 наурызда Италияда балаларды экскурсияға апара жатқан автобус апатқа ұшыраған. Аяқ астынан жүргізушінің жағдайы нашарлап, ол көлікті басқара алмай қалады. Салондағы мұғалімдер автобусты тоқтатып, балаларды сыртқа шығарған. Жүргізушіне нақты не болғаны және оның вакцинацияланғаны туралы ақпарат еш жерде жоқ.
2023 жылғы 7 наурызда жүргізуші мектеп жанында тұрған автобуста қайтыс болды. Оның ауырған-ауырмағаны белгісіз. Оның вакцинация мәртебесі де көпшілікке жария етілмеді.
Биыл 25 қаңтарда Италияда мектеп автобусының жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып қайтыс болды. Бұл кезде автобуста балалар болмаған. БАҚ-тың хабарлауынша, 63 жастағы жүргізушінің әріптестері марқұмның созылмалы аурулары болғандығын білмегені айтылған.
2023 жылғы 4 наурызда Францияда балаларды қала сыртындағы лагерьден алып келе жатқан автобус жолдан шығып кеткен. Оқиғаның нақты себебі белгісіз, алайда бұқаралық ақпарат құралдарында жолдың бұл бөлігі өте қауіпті және апаттар жиі болатыны хабарланды. Оқиға салдарынан адам шығыны да болған.
2022 жылдың желтоқсанында мектеп автобусын жүргізіп келе жатқан 72 жастағы әйелдің жүрегі ұстап қалған. Кейін ол сол күні таңертеңнен өзін нашар сезінгенін айтқан, бірақ инфаркт белгілерін байқамаған, ол ауырғанына қарамастан, көлік басқарған. Оның вакцинация мәртебесі де жария етілген жоқ.
Қорыта айтқанда, топтамада келтірілген бірде-бір жағдай COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысты емес. Жоғарыда аталған жүргізушілердің кемінде біреуі егілген немесе вакцинациядан жанама әсерлер болған деп айтуға деректер жоқ. Сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелері инфаркттың болу жиілігі вакцинацияланған және вакцинацияланбаған адамдар арасында ерекшеленбейтінін көрсететінін атап өткен жөн. Оның үстіне, COVID-19 қарсы вакциналар жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырмайды.
Демек, таралған ақпарат өзара байланысты емес фактілердің манипулятивті топтамасы болып табылады

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button