Фейк: «Басты вакцинаторларды геноцид үшін айыптауда»
Қазақстандық қолданушылар Энтони Фаучи, Питер Дашак, Мелинду Гейтс, Уильям Гейтс III және тағы 12 адам Гаагада сотталып жатқаны туралы хабарлама таратуда. Авторлардың айтуынша, олардың барлығы вакцинация арқылы адамзатқа геноцид жасады деп айыпталуда. Бұл ақпарат жалған және бұрыннан таралып жатқан фейкке негізделген.
Пост The desertreview сайтының Instagram-дағы былтырғы жарияланымына негізделген. Media bias/fact check фактчекерлер базасында бұл сайт жалған ғылыми дәлелдер мен қастандық теориялары бар материалдар шығаратын күмәнді ақпарат көзі ретінде белгіленген.
«Вакцинаторларға» қатысты сот туралы мақалада 2020 жылдан бері таралып жатқан ұқсас мазмұндағы жалған хабарламаларға сілтемелер бар. Олардың барлығы Джо Байденнің бас медициналық кеңесшісі Энтони Фаучи, филантроп Мелинда Гейтс және COVID-19 қарсы вакцинациямен байланысты тағы бірнеше адам әскери қылмыстар, геноцид және Нюрнберг кодексін бұзғаны үшін айыпталғаны туралы. Бұл жалған. Аталған адамдардың ешқайсысы мұндай қылмыстар үшін айыпталған жоқ.
Нюрнберг кодексінің не екенін түсіндіріп өтейік.
Нюрнберг кодексі 1947 жылы Нюрнбергте (Германия) концлагерьлерде адамдарға өлімге әкелетін және ауыр тәжірибелер жасады деп айыпталған нацистік дәрігерлерге үкім шығарған америкалық судьялармен жасалды.
Нюрнберг кодексі әлемнің ешбір елінде ресми құжат ретінде қабылданған жоқ, бірақ бүкіл әлемде медициналық этика ережелерін әзірлеуге әсер етті. Кодекс 10 қағидаттан тұрады және олар тек медициналық тәжірибелер жүргізуге ғана қатысты.
Нюрнберг кодексінің тексерілген және рұқсат етілген вакциналарды қолдануға қатысы жоқ.
«Адамдардың Нюрнберг процесін еске алғаны өте қызық, бұл уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Нюрнберг кодексі мақұлданған дәрі-дәрмекке қолданлмайды», – деді Ұлыбритания Корольдік дәрігерлер колледжінің этика бөлімінің төрағасы және британдық Медициналық этика институтының қамқоршысы доктор Алексис Патон CTVNews.ca-ге берген сұхбатында.
Демек, вакцинация Нюрнберг кодексін бұзу, геноцид болып табылады және ол үшін аталған адамдар сотталады деген ақпарат жалған.