Фейк: «Хиллари Клинтон АҚШ-ты Еуропа аумағына көшіру керек деп мәлімдеді»
WhatsApp-та АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның сөзі келтірілген видео тарады. Роликте бұл континентте Америкаға табиғи апаттар қауіп төндіруде, сондықтан мемлекетті көшіру және тұрғындардың Еуропа аумағына қоныс аудару мәселесі қарастырылуда делінген. Мұның бәрі өтірік.
Рет-ретімен түсіндірейік.
Видеода Хиллари Клинтонның АҚШ президенттігіне үміткер екендігі айтылады. Бұл мәлімдеме 2016 жылы Хиллари Клинтон Дональд Трамппен және Гари Джонсонмен бірге сайлауға өз кандидатурасын ұсынған кезде шын болды. 2024 жылғы АҚШ президентінің сайлауына қатысу Клинтонның жоспарында жоқ.
Одан әрі видеода Тынық мұхиты мен Солтүстік Американың литосфералық плиталары түйіскен жер Сан-Андреас жарылымы туралы айтылады. Ол Калифорния штаты арқылы өтеді. 1906 жылы оның салдарынан жер сілкінісі болып, Сан-Франциско зардап шекті.
Видеода жарылым Солтүстік Америка континентінің жойылуына қауіп төндіріп тұр деген теория айтылады. Бұл олай емес. Оның әсерінен әлі де жер сілкінісі болуы ықтимал, бірақ бүкіл континентті жойып жіберуі екіталай.
Жарылымнан төніп тұрған қауіпке байланысты АҚШ билігі өз мемлекетін Еуропаға, нақтырақ айтқанда, Украинаға көшіру туралы шешім қабылдаған екен. Роликтің авторының айтуынша, бұл туралы Хиллари Клинтон ABC News тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеген. Шындығында, ол бұлай айтпаған. ABC News жаңалықтар сайтында мұндай сұхбат жоқ. Сонымен қатар, Delfi порталының фактчекерлері бұл дәйексөздің ойдан шығарылғанын анықтады. Ол Желіде алты жыл бұрын Клинтон 2016 жылдың сәуірінде АҚШ президентіне үміткер болу туралы шешімін жариялағаннан кейін тараған.
Демек, таралған хабарлама – фейк. Хиллари Клинтон 2024 жылы АҚШ-та өтетін президенттік сайлауға қатыспайды, Сан-Андреас жарылымы Солтүстік Америкаға қауіп төндіріп тұрған жоқ және Штаттар Еуропа аумағына «көшуді» жоспарлап отырған жоқ. Хиллари Клинтон мұндай мәлімдеме жасаған емес.