Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар бәрін ауру қылады»

Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде микроскоптағы егілген адамдардың қаны бейнеленген суреттер жарияланды. Онда, бұл COVID-19 қарсы вакциналар барлық адамдарды ауру қылатынын дәлелдейді деп жазылған. Бұл жалған.

COVID-19 қарсы вакциналар адам қанының қасиеттерін өзгертеді деген теория жаңалық емес. Вакцинацияға қарсы адамдар егілгеннен кейін көп ұзамай қорқынышты аурулар пайда болған екпе салдырған адамдардың қан үлгілерінің суреттерін Желіде бірнеше рет жариялаған. Бірақ мұндай «жаңалықтар» тиісінше ұсынылған жоқ, ал суреттерде нақты қанның көрсетілгенін дәлелдеу мүмкін емес еді.
Сондай-ақ, Желіде таратылған және вакцинацияның қауіптілігін дәлелдеуге арналған барлық суреттер бір-біріне ұқсайтыны күмән келтіретінін атап өткеніміз жөн. Мысалы, қазіргі таралған суреттерге ұқсас суреттер Желіде былтыр тамыз айында жарияланған. 
Ол кезде Reuters порталының фактчекерлері суреттер шынайы және COVID-19 қарсы вакциналар қанның өзгеруіне себеп болатындығын дәлелдеді деп айтуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, вакциналарды клиникалық сынау кезеңінде және олар аяқталғаннан кейін ғалымдар вакцинацияланған адамдардың қанын бірнеше рет талдады. Олар ешқандай аномалиялар немесе аса қауіпті аурулардың белгілерін таппады. Мысалы, АҚШ-тың ең ірі және құрметті клиникаларының бірі Brigham and Women’s Hospital жүргізген осындай зерттеу мРНҚ вакциналары SARS-CoV-2 коронавирусына күшті иммундық жауап тудыратынын растайды.
Вакцинацияланған адамдардың қанын талдаған басқа зерттеушілер де бұл тұжырымды қолдайды.
Сондай-ақ, Желіден Үндістандағы Манипур университетінің PhD докторы түсірген әуесқойлық видеоны көруге болады. Ол үш адамның COVID-19 жұқтырғанға дейінгі және одан кейінгі және вакцинацияға дейінгі және одан кейінгі қанын талдайды. Нәтижесінде, қан жасушаларының морфологиясында ешқандай ауытқушылықтарды немесе елеулі өзгерістерді байқамайды.
COVID-19 қарсы вакциналар адамдарды ауру қылады деген теориялар қазіргі кездегі қарапайым фактілерге де қайшы келеді. Бүгінгі таңда планета халқының 62,5% кем дегенде вакцинаның бір дозасын алды. Бұл адамдардың бәрі ауырып қалса, оны жасыру мүмкін болмайтыны анық. Ауыр дертке шалдыққан науқастар көп болса, барлық елдердің денсаулық сақтау жүйелеріне түсетін жүктеме шамадан тыс артып, вакцинацияланған қызметкерлер жұмыс істей алмайтындықтан қаншама кәсіпорын уақытша жабылуға мәжбүр болатын еді.
Демек, COVID-19 қарсы вакциналар адамдарды ауру қылады деген пікір негізсіз.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button