Фейк: «Жасанды жүктілік және бала туу технологиясы жасалды»
Instagram-да ғалымдар адам ағзасынан тыс баланы жасанды түрде көтеруге мүмкіндік беретін технология ойлап тапқаны туралы видео жарияланды. Бұған дәлел ретінде видеода оны жүзеге асыратын жабдықтың суреті көрсетіледі. Видеода нақты не көрсетілгенін түсіндірейік.
Роликтің негізгі бөліктеріне тоқталайық.
Біріншісінде ақ халатты қыздың ішінде нәресте жатқан тегіс сопақ сұйықтық қапшығын сипап отырғанын көреміз. Бұл бразилиялық контент жасаушы Мариан Каролина Россидің видеосы. Таралған кадрларда ол баланың амниотикалық қапшықта туылу процесін көрсетеді. Видео кейіпкерінің қолындағы нәрсе – жоғары технологиялық жасанды түрде бала көтеру құрылғысы емес, сумен толтырылған полиэтилен пакеттегі қуыршақ.
Видеоның екінші бөлігінде сұлулық, ақыл, күш-қуат, денсаулық және т.б. қалаған қасиеттерге ие болатындай балаларды жасанды түрде өсіруге және олардың ДНҚ-сын өзгертуге мүмкіндік беретін EctoLife жобасы туралы компьютерлік анимациядан алынған кадрлар көрсетілген. Ectolife жобасы осы анимациялық видеода ғана, басқа еш жерде жоқ. Оның авторы – видео продюсер Хашем Әл-Галли, ол жасанды түрде балаларды арнайы өсіретін жоба іс жүзінде жоқ екенін түсіндіретін арнайы баспасөз хабарламасын да шығарған.
Үшінші бөлім – Филадельфия ғалымдары жасаған нақты жасанды құрсақтың кадрлары. Құрылғы – жасанды амниотикалық сұйықтықпен толтырылған, оған қосылған түтіктері бар пластикалық қапшық. Бұл мерзімінен бұрын туған қозыны «жетілдіруге» мүмкіндік берді. Бұл ретте қозы табиғи түрде біткенін және белгілі бір мерзімге дейін биологиялық анасының құрсағында дамығанын атап өткен жөн. Алайда, ол түсік тастап, қозы аман алып қалу үшін жасанды құрсаққа салынды. Яғни, бұл видео шынайы болса да, ол жасанды түрде бала көтеруге мүмкіндік беретін технологияның бар екендігін дәлелдемейді.
Қорыта айтқанда, таралған видео – бұл әлемде биологиялық ата-аналардың қатысуынсыз жасанды түрде бала көтеруге мүмкіндік беретін технологияның бар екендігін дәлелдемейтін Желіде кеңінен тараған ескі роликтер топтамасы.