Видео

Фейк: «Жануарларға арналған чиптер – бұл жасырын тыңдауға арналған құрылғылар»

Желіде InfoWars порталынан алынған видео тарады, онда жүргізуші Орталық барлау басқармасы жануарларда жүргізген тәжірибелері туралы айтады. Олар мысықтарға электроника енгізіп, киборг тыңшылар жасаған екен. Жоба әлі де жалғасуда. Мұны видеоның жоғары жағындағы жазбадан түсінуге болады: «Олар жануарларды не үшін чиптейді?». Шын мәнінде, Орталық барлау басқармасы жобасының жануарларды чиптеуге еш қатысы жоқ.

Ақпарат көзінен бастайық. InfoWars порталын жасаушы және бас демеушісі – конспиролог Алекс Джонс. MediaBias-FactCheck тәуелсіз жобасының бағалауы бойынша, бұл сайт фейк ақпараттар мен қастандық теорияларын таратады.
Орталық барлау басқармасы өткен ғасырдың 60-жылдарында жануарларда эксперимент жүргізгені рас. Ол Acoustic Kitty деп аталды. Мақсаты Кремль мен кеңестік елшілікке тыңшылық жасау болды.
Хирургиялық жолмен мысықтың құлағына микрофон, ал бас сүйегінің түбіне радио таратқыш енгізілді. Олардың арасында жұқа сым болды. Осылайша ғалымдар тірі және қозғалатын тыңдау құрылғысын жасамақ болған. Бірақ жоба сәтсіз аяқталды. Құрылғыларды іске қосып, мысықты далаға жібереді. Ол орындықта отырған ер адамның жанына барып, олардың әңгімесін тыңдауға тиіс еді. Бірақ мысық жолға шыққанда, оны такси басып кетеді. Эксперимент 1967 жылы тоқтатылды.
Acoustic Kitty операциясы туралы 2001 жылы жария етілді. Ал 2017 жылы Wikileaks «Twitter»-де АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының құпия жазбаларына сілтеме берген кезде біртүрлі тыңдау техникасы туралы қайта айтыла бастайды. Ақпаратты танымал Daily Mail таблоидтық газеті бірден шығарды. Бұл мақалада да эксперимент сәтсіз болды деп жазылды. Қазіргі кезде тараған видеода жүргізуші нақ осы мақалаға сүйенеді. Бірақ ол эксперимент 80-ші жылдары жүргізілді деп қате айтады. Кейін ол сөзін түзетіп, мақаланы соңына дейін оқымағанын мойындайды.
Содан кейін, жүргізуші мақаланың бірнеше абзацын бөліп көрсетіп, ғалымдар ілгері қадам жасап, нанотехнологияны адам ағзасына енгізді дейді. 50 жыл бойы сұйық оттегін қабылдаған сарбаздар болған екен. Бірақ мақалада мұндай ақпарат жоқ.
Сұйық оттегі деп сутегі асқын тотығы мен басқа химиялық қосылыстардың қоспасынан тұратын өнімді атайды. Бонд университетінің дәлелді денсаулық сақтау институтының адъюнкт-профессоры, австралиялық дәрігер Кен Харви сұйық оттегі – бұл тұзды су дейді. Оның денсаулыққа пайдасы жоқ, нанотехнологияға да қатысты емес.
Acoustic Kitty жобасы 56 жыл бұрын жабылды. Оның қазіргі жануарларды чиптеуге ешқандай қатысы жоқ. Чиптеу қаңғыбас жануарлардың санын реттеу және олардың иелерін жауапкершілікке тарту үшін қажет.
Демек, видеода айтылған ақпарат жалған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button