Фейк: “ДДҰ COVID-19-ға қарсы вакцинация тәжірибесін қайта қарады”
Қазнет қолданушылары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинацияланған адамдар арасында өлім-жітімнің көп болуына байланысты COVID-19-ға қарсы вакцинация тәжірибесін қайта қарады деп жазуда. COVID-19-дан қайтыс болғандардың 90%-ы егілгендер екен. Бұл рас па? Анықтайық.
ДДҰ сайтында вакцинация тәжірибесін қайта қарау, оны жою немесе вакцинацияланған адамдар жаппай өлімі туралы ақпарат жоқ.
Хабарлама авторы жазғандай беделді еуропалық бұқаралық ақпарат құралдарында да мұндай жаңалықтар жарияланбаған. Мұндай тақырыптағы жаңалық британдық The Exposé сайтында ғана шыққан. 2023 жылғы 23 ақпанда жарияланған ақпаратта COVID-19-дан қайтыс болғандардың 92%-ы вакцинацияланғандар, яғни аурудан емес, вакцина салдарынан қайтыс болды делінген.
Алайда, The Exposé жариялаған ақпараттарға сенбеген жөн. Mediabias/FactCheck тәуелсіз жобасының бағалауы бойынша, бұл сенімсіз дереккөз және қастандық теорияларын, псевдоғылыми жаңалықтарды, фейк-ньюс қана таратады.
Ұлыбританияда вакцинацияланған адамдар арасындағы өлім-жітім көрсеткішінің жоғары болуы туралы жаңалық Ұлыбританияның Ұлттық статистика кеңсесі жариялаған мәліметтерге негізделген. Бұл мәліметке сәйкес COVID-19 қайтыс болғандардың басым бөлігі вакцинацияланғандар, бірақ бұл вакцинация қауіпті немесе өлімге әкеледі дегенді білдірмейді. Ұлыбританияда 12 жастан асқан адамдардың 90%-дан астамы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды. 10 британдықтың 9-ы дерлік екі дозамен егілген. Елдің 10 тұрғынының жетеуі үш немесе одан көп мәрте екпе салдырған.
Демек, кез келген статистикада вакцинацияланған британдықтар саны көп болады, себебі корольдік азаматтарының басым бөлігі вакцинацияланған.
Олай болса, таратылған ақпарат жалған және манипуляция.
ДДҰ COVID-19 қарсы вакцинацияның тәжірибесін қайта қараған жоқ. Ұлыбританияның статистикасы вакциналардың қауіпті екенін дәлелдемейді, бұл тек корольдік халқының басым бөлігінің егілгенін ғана білдіреді.